Елбасы Н.Назарбаевтың «Алаштың» басты мақсаты – қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді.
Бұл біздің жедел жаңғыру, яғни модернизация бағытымызға да сай келеді… Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті… Алаштың асыл аманаты бізге тарихи-мәдени бірегейлігімізді, қарапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді. Алаштың асыл аманаты бізді ауызбірлігімізді күшейтуге шақырады» деген сөзі Алаш арыстары атқарып кеткен еңбектің мән-мазмұнын айқын көрсетіп отыр. Халқын, өз ұлтын жан-тәнімен сүйген, елді еркіндікке жеткізем деп арпалысқан Алаш көсемдерінің саналы ғұмыры бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақтың ержүрек батырлары жауынгер бабаларымыздың даңқты жолын лайықты жалғастыра білді. Олар қазақтың қайсар мінезді, рухы биік батыр халық екенін дүние жүзіне дәлелдеп берді. Арын – байрақ, намысын найза еткен Нүркен, Талғат, Бауыржан сынды батырлар қазақ елінің қаһармандығын аңызға айналдырды. Қазақ оғландары Ұлы Жеңіске зор үлес қосты. Бабалардың бостандық аңсап атқа қонған ұлы ерлігін Алматыда Алаштың өр мінезді ұл-қыздары Желтоқсан көтерілісінде жаңғыртып, жаңа сатыға көтерді. Желтоқсан көтерілісі кеңестік империяның шаңырағын шайқалтып, керегесін күйретті. Ғылымда «Дәстүрлер сабақтастығы» деген ұғым қалыптасқан. Сексен алтыншы жылғы көтеріліс кезінде көк түрктің қара шаңырағы болған қазақ жерінде Алаш жастарының бойынан буырқанып шыққан бұла күш, бодандыққа қарсы жойқын бұлқыныс ең алдымен, ер жігіттің бойына ананың ақ сүтімен таралған ерлік дәстүрінің арқасында жүзеге асты. Жүсіп Баласағұн бабамыздың: «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла. Өз пайдаң соның ішінде», деген сөзін басшылыққа алған Алаш жастары кеңестік санаға төңкеріс жасады.
Медиаон ақпарат
