Бүгін Шымкентте “Семей-сынақ” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен “Болашаққа бағдар” тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелде Семей ядролық сынақ полигонындағы апат салдарын жоюға қатысқан ардагерлер АЭС салу мәселесін талқылады.
Ардагерлер АЭС құрылысын бірауыздан қолдайды. Атом энергетикасы еліміздің болашағы үшін қажеттіліктердің бірі деп санайды.
– АЭС салынуы ел экономикасының дамуына септігін тигізеді. Қазіргі таңда дүние жүзіндегі 50-ден астам мемлекет АЭС-ті пайдалануда, 400-ден астам ядролық реактор дүние жүзіндегі энергияның тоғыз пайызын өндіреді, 16 елде 60-қа жуық жаңа реактор салынуда. Атом электр стансасын салу турасында қоғамда әр түрлі пікір бар. Бірі — одан табиғат пен қоршаған орта жапа шегетіндігін айтса, бірі – ел экономикасының жаңа серпіні үшін қажет дейді. Өткен ғасырдағы ірі жарылыстар мен экологиялық апаттың зардабын әлі тартып келе жатқан халықтың үрейі де жоқ емес. Адамзат баласына зор қауіп төндірген полигонның ауыртпашылығымен бетпе-бет келу бізге оңай тиген жоқ. Дегенмен кері тартып, бойда қалған үреймен өмір сүруге болмайды. Заман дамыған, білім дамыған. Сондықтан бейбіт атомды неге өз керегімізге пайдаланбасқа, – дейді “Семей-сынақ” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қалжан Дауылбаев.
Ядролық қарудан бас тарту арқылы егемен еліміз әлемге бейбітсүйгіш халық ретінде танылды. Қазіргі таңда Тәуелсіз Қазақстан әлемдік қауіпсіздікті сақтау бағытында бастама көтерген беделді мемлекетке айналды. Болашағын бейбітшілікпен байланыстырған мемлекетіміз өз жерінде салынатын жобаның қауіпсіздігіне баса назар аударса деген уәждерін де айтты. Бұндай үлкен жобаларды жан-жақты сараптап елдің ертеңі тұрғысынан қарау керек дейді ардагерлер.
Сонымен қатар, маңызды мәселелердің бірі – республикада АЭС салуға қатысты референдум өткізу шарасы.
Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, ардагерлер алдағы референдумға белсене қатысып, өз таңдауларын жасайтындығын айтады. Еліміздің болашағы үшін Қазақстанда атом электр станциясын салу жөніндегі осы тағдыршешті бастаманы қолдауға шақырады.