Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко өзекті ынтымақтастық мәселелерін талқылау мақсатында Словакия, Ұлыбритания және Франция елшілерімен жұмыс кездесулер өткізді.
Словакияның Қазақстандағы Елшісі Роберт Кирнагпен кездесуде өзекті саяси және экономикалық мәселелер, сондай-ақ түрлі салалардағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды. Машина жасау және білім салаларындағы екіжақты әріптестікті тереңдетуге бағытталған жаңа бастамалар мен жобаларға ерекше назар аударылды.
Тараптар Қазақстан мен Словакия арасындағы экономикалық әріптестіктің оң серпінін атап өтті. Былтыр екіжақты тауар айналымының 13,3%-ға өсіп, 138,9 млн АҚШ долларына жетуі екі ел іскерлерінің экономикалық байланыстарды дамытуға қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Кэти Личпен сұхбат барысында қазақ-британ байланыстарының оң динамикасы аталып өтті. Р. Василенко екіжақты ынтымақтастықтың мол күн тәртібіне назар аударып, қазақ тарапының Астана мен Лондон арасындағы диалогты одан әрі тереңдету ниетін білдірді.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтып, орта және жоғары білім саласындағы байланыстарды арттырудың маңыздылығы айтылды.
Дипломаттар жақында Астанада қол қойылған Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді уақытылы ратификациялаудың маңыздылығын атап өтіп, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға келісті.
Сұхбат барысында өңірлік, халықаралық күн тәртібі мәселелеріндегі, соның ішінде климаттың өзгеруіне қарсы күрес, су ресурстарын басқару саласындағы қазақ-британ өзара іс-қимылының келешегі де талқыланды.