2025 жылдың қаңтарынан бастап зейнетақы мен жәрдемақылар көлемі ұлғаяды. Мысалы, ең төменгі зейнетақы мөлшері 57 853 теңгеден 62 771 теңгеге дейін өседі. Баланың тууына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы бірінші, екінші және үшінші балаға 149 416 теңгеге дейін, ал төртінші балаға 247 716 теңгеге дейін арттырылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Зейнетақы жүйесі мен әлеуметтік саладағы өзгерістер туралы» тақырыбында баспасөз конференциясында Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының әлеуметтік мәселелері жөніндегі орынбасары Ергеш Ержан Ермаханұлы баяндады.
2024 жылы департамент әлеуметтік төлемдер, мүгедектігі бар адамдарды қолдау, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бағыттарында біршама жұмыстарды жүзеге асырды.
Шымкент қаласы бойынша зейнетақы мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны 237 695 азаматты құрады. 2024 жылдың 12 айында жаңадан тағайындалған зейнетақы мен жәрдемақылардың саны 85 492 болса, қайта қаралған төлемдер саны – 78 342.
2024 жылдың 12 айында азаматтарға әлеуметтік төлемдерді тағайындау бойынша – 67253 мемлекеттік қызметтер көрсетілді, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде анықталған кемшіліктерге сәйкес 2962 іс қалпына келтіру үшін кері қайтарылған, бұл өтініштердің жалпы санының 1,7% құрады.
76 іс – құжат бойынша зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындауға өтініш берушілер тарапынан ұсынған құжаттардың дұрыстығын растау үшін уәкілетті ұйымдарға сұраныс хаттар жолданды. Бұл жалпы жұмыстың сапасын арттыру қажеттігін көрсетеді. Сонымен қатар, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау тәртібінде ешбір заң бұзушылықтар анықталған жоқ.
2024 жылдың қаңтарынан бастап еңбек жағдайлары зиянды жұмысшыларға арнайы әлеуметтік төлемдер тағайындау тәртібін түсіндіру бірлескен кестеге сәйкес «Ашық есік» күндері және 21 мекемеде түсіндіру шаралары ұйымдастырылған.
Шымкент қаласында мүгедектігі бар 41 496 адам тіркелген, бұл қала халқының 3,3%-ын құрайды. 2024 жылы 16 325 азаматқа медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізіліп, оның ішінде 3 259 адам алғаш рет мүгедек деп танылды. Мүгедектіктің негізгі себептері жүрек-қан тамырлары, психикалық және жарақаттық аурулар болып қала беруде. Мүгедектігі бар азаматтардың 81,9%-ы қажетті қызметтермен қамтамасыз етілді. Дегенмен, арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының кейбірінде лицензия және қолжетімділік талаптары толық орындалмағаны анықталды. Департамент 2024 жылы 338 мекемеге тексеру жүргізіп, мүгедектерге кедергісіз орта қалыптастыру талаптарын түсіндірді. Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, оңалту бағдарламаларының орындалуына бақылау жасалды.
– 2024 жыл Шымкент қаласы үшін әлеуметтік қорғау саласында елеулі жұмыстармен ерекшеленді. Дегенмен, кейбір мәселелерді шешу және қызмет көрсету сапасын одан әрі жақсарту қажет. 2025 жылы зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің көлемін арттыру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жұмыстар жалғасын табады. Бұл шаралар халықтың әлеуметтік қорғалуын арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған, – деді Ержан Ермаханұлы.
2024 жылы департамент мамандары 226 азаматтың арыз-шағымдарын қарады, сонымен қатар, ТМД елдерінен 1318 сұраныс хаттарды қарап, заңмен белгіленген мерзімде жауап берген. Әлеуметтік қызметтер сапасын арттыру мақсатында 12 семинар-кеңес және бірнеше түсіндіру шаралары ұйымдастырылып, келуші азаматтардың жеке сұрақтары бойынша қабылдау жұмыстары жүргізілген.