Шымкентте «Реновация» бағдарламасы аясында апатты деп танылған үйлердің тұрғындарына жаңа пәтердің кілттері табысталды. Бұл жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысты. Көксай шағын ауданы Ж. Нұрлыбаев көшесіндегі №5 үйдің тұрғындары Shymkent City шағын ауданындағы Green City тұрғын үй кешенінен замануи үлгіде салынған пәтерлерге ие болды.
— Бұл бағдарлама Шымкент қаласында басталды. Алдағы уақытта, апатты деп танылған үйлердің тұрғындарының барлығына жаңа пәтердің кілттері табысталады. Сонымен қатар, жаңа пәтер алдыңғысынан орташа есеппен 30 м² үлкен. Тұрғындар қосымша ақы төлемейді. Тұрғын үй заманауи талапқа сай әрленген. Бағдарламаны іске асыру азаматтарды сапалы тұрғын үймен қамтамасыз етуге, қаланың сәулеттік келбетін жасауға, экологиялық жағдайды жақсартуға, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік береді,-дейді Ғ. Әбдімәжитұлы.
Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы тозығы жеткен немесе апатты деп танылған үйлерді жаңғырту бағдарламасы қарқынды жүруде дейді, Шымкент қаласы тұрғын-үй басқармасының басшысы Азат Исламов.
— Көксай шағын ауданындағы бірнеше үй сүрілуге жататын нысандар тізіміне енгізілген. Бұл ғимараттар 65 жылдан астам уақыт бұрын салынған және заманауи қауіпсіздік пен энергия тиімділігін арттыру талаптарына сәйкес келмейді. Мұндай үйлер тұрғындардың өміріне ғана емес, айналадағы инфрақұрылымға да қауіпті саналады. Ал, реновацияның басты мақсаты — тозығы жеткен тұрғын үй мәселесін шешу. Бағдарлама аясында бұзылған үйдің иесіне заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған жаңа абаттандырылған тұрғын үй кешенінен пәтер беріледі. Бұл бағдарламаға қатысу үшін тұрғындардың құжаттары 100 пайыз дайын болуы керек. Ж. Нұрлыбаев көшесіндегі жалпы саны 23 үйді көшіру жоспарда бар,-дейді А. Исламов.
Бағдарлама шарты бойынша апатты үйлердің иелері жаңа ғимараттан көлемі мен бөлмелері бірдей пәтер алады. Жаңа тұрғын үй кешеніне мердігер компания 7 жылға дейін кепілдік берген. Сондай-ақ, тұрғындар бұл пәтерлерге құжаттарын рәсімдеген соң кез-келген мақсатта пайдалана алады.