Шымкент қаласында «Standard Steel KZ» ЖШС мырыш оксидін өндіретін зауыттың екінші кезеңі іске қосылды. Бұл зауыт қорғасын өндірісінің қалдықтарын қайта өңдеп, түсті металл концентратын алуға бағытталған. Ашылу салтанатына ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, сондай-ақ басқа да лауазымды тұлғалар қатысты.
Әлеуметтік маңызы бар жоба 1940 жылдары ашылған Шымкент қорғасын зауытындағы өндірістен шыққан 70 жылдан астам жинақталған бұрынғы қорғасын зауытының 2,5 млн тонна қалдықтарынан түсті металл концентратын өндіруді көздейді.
– Қаншама жылдар жиналған зауыт қалдығы экологияға өз әсерін тигізбей қоймады. Осы қалдық үйіндісін пайдаға асырғалы отырған зауыттың экологияны жақсартуға, маңайындағы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға тигізер үлесі зор болмақ. Зауыт жаңа технологиямен салынған. Сұранысқа ие өнім шығарады. Толығымен экспортталады. Жалпы еліміз жаратуға келетін қалдықтарға бай. Сондықтан осындай зауыттар әр өңірден ашылуы тиіс. Бұл мемлеткеттің экологиялық саясатының негізгі бағыттарының бірі, – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Салтанатты шарада қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те бұл жобаның маңыздылығын атап өтті.
– Елімізде өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді, жыл сайын жаңа кәсіпорындар ашылуда. Мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, жұмыс орындары құрылып, халықтың әл-ауқаты жақсарып жатыр. Зауыттың іске қосылуы қаланың экономикалық дамуына ықпал етіп қана қоймай, өнеркәсіптік кәсіпорындар қызметінің экологиялық зардаптарын төмендетеді, – деді әкім өз сөзінде.
Айта кетейік, жалпы құны 13 млрд.теңгеден асатын инвестициялық жоба 250-ден астам адамды жұмыспен қамтыды. Бірінші кезеңнің нәтижесінде зауыт жылына 4 600 тоннадан астам мыс-күміс концентратын шығарған. Екінші кезеңнің іске қосылуы өндіріс көлемін айтарлықтай арттырып, жылына қосымша 20 мың тоннадан астам мырыш оксидін өндіруге мүмкіндік береді. Жылына 300 мың тонна қалдықтарды қайта өңдейді.
Зауыттың айналасында 30,8 млрд теңге қаржыға шағын және орта бизнесті дамыту үшін жеке индустриялық аймақ құрылуда. Бұл аймақта қажетті инфрақұрылымдар, газ, электр энергиясы, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері қамтамасыз етіледі. Мұндай қолдау 100-ден астам жаңа шағын және орта бизнестің ашылуына ықпал етіп, 2600 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды деп күтілуде.
Шымкенттегі мырыш оксидін өндіретін зауыттың екінші кезеңі ел экономикасына мультипликативті әсерін тигізіп, экология мәселелерін шешуде маңызды рөл атқарады. Бұл жоба тек қала мен аймақ деңгейінде ғана емес, бүкіл ел үшін өнеркәсіп пен экология саласындағы үлгі боларлық бастама болып табылады.