Түркістан облысында  «Таза Қазақстан» бағдарламасы тұрақты жүргізілуде. Келесі жылы да облыс көлемінде тазалық, абаттандыру жұмыстары жалғасып,  жаңаша бағытта үйлестіріліп, жүйелене түседі. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен  өткен аппарат мәжілісінде осы саладағы мәселелер талқыланды. Маңызды жиында өңір басшысы тазалық пен абаттандыру шараларын тек сенбілікпен  шектемей, осы бағыттағы жұмыстарды ширата түсуді тапсырды.

– Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын келесі жылы да жалғастырып, апта сайын пысықтап отырамыз. «Таза Қазақстан» акциясы өмірлік дағдыға айналуы тиіс. Тұрғындар арасында да түсіндіру, экологиялық сауаттылықты көтеру жұмыстарын тоқтатпау керек. Әсіресе, облыс орталығы – Түркістан өзгелерге үлгі болуы тиіс. Бұл ретте полицияның да белсенділігі талап етіледі. Индустриалды аймақтарды тазалап, көгалдандыруды тапсырғанмын. Инвесторлар тарту үшін тазалық маңызды.  Жұмысты ширатыңыздар. Күзгі ағаш егу науқанын сапалы атқару да маңызды. Осы аймаққа жерсінетін, өсетін ағаштар отырғызылуы қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте Ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы Нұркен Аралбеков аудан, қалаларда абаттандыру, көгалдандыру және тазалығына жүргізілген мониторинг нәтижесі туралы баяндады.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» акциясы аясында бекітілген кестеге сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жыл соңына дейін бекітілген кестеге сәйкес, 807 тазалық шарасын өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда аудан, қалаларда жалпы 732 ауқымды сенбілік өткізілді. Аудан мен қалаларға кіреберіс аумақтарын реттеу, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ келесі жылға бағдарлама аясында барлық мемлекеттік және жеке секторды қамтитын ауқымды іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр. Іс-шара тек сенбілікпен шектелмей, бағдарламаны жаңа үлгіде өткізу бойынша Жол картасы әзірленуде.

Телеграмм бот платформасында бүгінгі таңда, 546 өтінім түскен. Оның ішінде: 529 өтінім орындалған, 1 өтінім орындалу барысында, 16 өтінім мағынасыз болғандықтан қайтарылды.

 

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *