Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев және Марокко Корольдігінің Сыртқы істер, африкалық ынтымақтастық және шетелде тұратын марокколықтар министрлігінің Екіжақты қатынастар және өңірлік мәселелер жөніндегі бас директоры Фуад Язухтың төрағалығымен қазақ-марокколық саяси консультациялардың 5-ші раунды онлайн форматында өтті.
Консультациялар барысында тараптар Астана мен Рабат арасындағы ынтымақтастықтың оң қарқынын жоғары бағалап, достық пен өзара тиімді серіктестік қағидаттарына негізделген екіжақты қарым-қатынастардың елеулі әлеуетін атап өтті.
Тараптар саяси диалогты жан-жақты жандандыру мен мәдени-гуманитарлық, инвестициялық, сауда-экономикалық және парламентаралық ынтымақтастықты нығайтып, екі ел арасындағы шарттық-құқықтық базаны кеңейту жолдарын талқылады.
Ерекше назар екіжақты сауда номенклатурасын кеңейту, өзара инвестициялардың көлемін ынталандыру, сондай-ақ көлік-логистика,энергетика, ауыл шаруашылығы, минералдық ресурстар және IT-технология және басқа да салалардағы елдердің іскерлік топтары арасында тікелей байланыс орнату бағыттарына аударылды.
Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, Қазақстан мен Марокконың әртүрлі алаңдарда, оның ішінде БҰҰ, Африка одағы, ИЫҰ, АҚИҰ, ШЫҰ және АӨСШК ұйымдар аясындағы ықпалдастықты белсендіру жөнінде талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы консультациялар Хаттамасына қол қойды, онда екі жақты ынтымақтастықты нығайтудың негізгі бағыттары көрініс тапты.