Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хурэлсух екі ел делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді.

Қазақстан Президенті шағын құрамдағы кездесудің қорытындысына жоғары баға беріп, Моңғолиямен мемлекетаралық қарым-қатынасты одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындады.

– Қазақ және моңғол халықтары – Ұлы дала өркениетінің мұрагерлері. Ынтымақтастықты жаңа стратегиялық деңгейге көтеру екі елдің мүддесіне сай келеді. Біз моңғол халқына үлкен құрметпен қараймыз және Моңғолияның жетістігіне әрдайым қуанамыз. Қазіргі уақытта Сіздің бастамаңызбен ауқымды саяси-экономикалық және әлеуметтік реформалар қолға алынды. «Vision-2050», «Азық-түлікпен қамтамасыз ету және оның қауіпсіздігі», «Салауатты моңғол ұлты» сияқты маңызды мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің арасында тығыз парламентаралық және үкіметаралық байланыстар қалыптасқанын еске салып, ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай мүмкіндік бар екеніне назар аударды

– Сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен индустриясы, өнеркәсіп, инвестиция, жаңа технологиялар, ғарышты игеру салаларында ықпалдастықты жандандыру қажет. Бүгін қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық алыс-берісті дамытуға тың серпін береді деп сенемін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізілген уағдаластықтарды екі ел үкіметтері уақтылы және сапалы жүзеге асыруы қажет деп санайды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтудың мән-маңызына тоқталып, Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқаны үшін моңғол спортшыларына алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан моңғол студенттері үшін квота санын ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ екі ел ғалымдарын ортақ бай тарихи мұрамызды бірлесе зерттеуге шақырды.

Бұдан бөлек, Президент экологиялық, тарихи, этнографиялық және экономикалық туризм бағыттарында бірлесе жұмыс істеуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.

 

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *