Қала әкімдігінде «Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдармен, мәслихатпен байланысын нығайту» тақырыбында жиын өтті. ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин бастаған жұмысшы топ жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары өкілдері, мәслихат депутаттарымен кездесті.
Кездесуде ҚХА-ның мемлекеттік органдармен, мәслихаттармен өзара іс-қимылын күшейту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету, қоғамдағы сенім мәдениетін нығайту, қоғамның әлеуметтік кеселдеріне қарсы тұру мәселелері талқыланды.
Ғалымжан Жайықбайұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды сапалы іске асыру мәселелері бойынша баяндап, этносаралық мәселелердің идеологиялық тұрғыдан өте маңызды екеніне тоқталды. Этносаралық қатынастар саласының түрлі жағдайларында мемлекеттік органдардың жұмыс алгортимдерін жан-жақты түсіндіріп берді. Бұл алгоритмдер этносаралық салада жанжалдардың алдын алу, шешудің және жанжалдан кейінгі тиімді әрекет етудің негізі саналады. Ғ.Махан этноасаралық салада өңірлердегі жұмыстың бірқатар тиімді аспектілерін атап өтті.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қазіргі таңда этносаралық жағдай ерекше назар аударуды қажет ететінін айтты. Осындай күрделі кезеңде елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау баршамызға жүктелген басты міндет, қасиетті борыш.
Сондай-ақ, жиында қоғамдық келісімді нығайту жолындағы бірлескен тиімді іс-шаралар мен құқықтық мәселелер туралы қалалық мәслихат депутаты Мұратәлі Қалмұратов баяндама жасады. Этносаралық қатынастарды нығайту мәселелері талқыланған жиында бірқатар ұсыныстар айтылды.