САЙРАМ. ҚазАқпарат — Түркістан облысы, Сайрам ауданында тұратын мүмкіндігі шектеулі жан Әлімжан Құралов өзі секілді адамдарға арналған такси қызметін ашты. Оның бір көлікте бір мезетте бес бірдей мүгедекті тасымалдай алатын жобасы елімізде алғаш рет Ақсукент ауылында жүзеге асырылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Әлімжан Құралов он жыл бұрын бір мекемеде жүргізуші-механик болып жұмыс істеп жүріп, өндірістік жарақат алады. 43 жастағы азаматтың үстіне ауыр жүк құлап, екі аяғы жүрмей қалған. Сол кезеңдерде ол оңалту орталығында жатып, өзі секілді тағдырластарымен бірге серуендеп шықпақ болыпты. Алайда такси ретінде келген көліктер қоларбаға таңылған жандарды сұраған жерге жеткізіп салудан бас тартады. Содан ол аздап аяғына тұрған соң, мүгедектер үшін ең қажетті деген осы қызмет түрін қолға алуды ойластырғанын айтады. «Далаға шығып такси тоқтатсақ, жүргізушілер аяқпен жүретіндерді аламын. Коляскамен жүргендерді мінгізбеймін дейді. Екінші такси шақырдық, олар да солай жеткізуден бас тартты. Барлығының айтатындары, оларды арнайы такси тасымалдау қажет. Сонда үшеуміз қалтамызда ақша бар, бірақ жететін жерге жете алмайтынымызға ішіміз ашыды. Ал, сау адамдар қалаған көлігімен, қалаған жеріне жете береді»,- дейді Әлімжан Құралов. Осыдан кейін Әлімжан Құралов істің шешімін табу үшін 2019 жылы «Атамекен» бағдарламасымен оқып, инвотакси ашу үшін бизнес-жоспар түзеді. Оған сәйкес мүгедек азамат Ресейден шығатын алты орындық жаңа көлікті мүгедек жандардың мінуіне ыңғайлы етіп жасап, такси қызметін көрсетпек болатын. Осы мақсатта жобаны қаржыландыруды сұрап, аудан әкімдігіне тапсырады. Алайда жергілікті билік өкілдері бұл жобаны толық қанағаттандырмай, бар болғаны 250 мың теңге ғана бөледі. Бұдан кейін қажырлы азамат өзінің жеңіл көлігін сатып, әйеліне несие алдыртады. Қолындағы ақшасы жетпеген соң «Атамекеннің» грантына өтініш білдірген. Бірақ ол да өтпей қалған. Айта кетейік, Сайрам ауданында 9 мың мүгедек тұрады. Оларға арналған арнайы такси қызметімен 30-ақ адам жүреді. Бәріне көлік жетпейді. Оның өзінде емхана, Халыққа қызмет көрсету орталығы секілді нысандарға ғана барады. Кешкі сағат 17:00-ден кейін ол қызмет түрі тоқтайды. Бір біріне қонаққа баруға, серуендеуге шыға алмайды. Әлімжанның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандар осы сынды көптеген кедергілерге тап болады. Ал, сегіз орындық жеңіл көлікке пандус қоюға, мүгедектерге арнап жасауға заң бойынша рұқсат берілмейді. Ол көлік түрлі сынақтардан өтпеген соң тіркеуге де алынбайтын болып шықты. Арнайы сертификаты, рұқсат қағазы да қажет екен. Жоба авторы осыдан кейін бастапқы жобаға өзгеріс енгізеді. «Мен сияқты қыз-жігіттердің басым көпшілігі тіршілік істегісі, кәсіп ашқысы келеді. Қоғамға қосылғысы келеді. Алайда құжаттарын тіркеп, анықтама алуға, олардың жүріп тұруына көлік жоқ. Содан қатты қиналып жатады. Осыдан кейін мен бизнес жобамды өзгертіп, қайта грантқа ұсындым. Нәтижесінде 4 млн теңге ұтып алдым. Бірақ Ресейдегі көлік шығаратын зауыт өкілдері бізге қажет көлік бес млн теңге тұратынын, оны мүгедектерге арнап жабдықтаумен 8,5 млн болатынын айтты. Көліктің ішкі сызбаларын өзіміз жасап жібердік», — дейді Әлімжан Құралов. Сайрамдық тұрғын қалған 4,5 млн теңгені демеушілер мен кәсіпкерлер, жанашыр азаматтар есебінен толықтырып алады. Сөйтіп Нижний новгород қаласындағы зауытқа тапсырыс беріп, су жаңа көлікті өзі айдап әкеліпті. Келгеннен кейін де 1 млн теңге көлеміндегі утиль алымды бұрынғы депутат Айгүл Соловьева төлеп берген. «Көлікті алып келгеннен кейін жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, кәсібімді бастап кеттім. Қоғамдық жұмыстан бір азаматты қасыма алып, екі айдан бері тасымалдап жатырмын. Әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттап, соның арқасында осы қызмет түріне жүгінетіндер көбейді. Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар алдын ала бір күнге тапсырыс береді. Бағасы да олар үшін қолжетімді. Күніне бес- алты мың теңгедей табыс табамын. Кәдімгі басқа таксилерден әлдеқайда арзан. Енді тек қоларбаға таңылғандар емес, жатып қалған мүгедектерге арналған көлікті жабдықтап алсам деген жоспарым бар. Мысалы аудандағы түрлі мекемелерде пандустар жоқ. Неге қоймайсыңдар десек қажеттілігі жоқ, ондай адамдар келмейді де дейді. Ал, мүгедектер келуі үшін көліктер көбеюі керек шығар. Менің басты мақсатым-қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандар шет қалмай, сау адамдардай барлығына қол жеткізе алатынын дәлелдегім келеді. Олар тек жәрдемақымен күнелтпей, өз кәсіптерін бастаса және табыс тапса деп армандаймын. Өйткені, олардың да бұл жұмыстарды атқаруға қарым қабілеті әбден жетеді», — дейді жоба авторы. Әлімжан Құралов осындай жеке инватакси қызметі барлық аудан-қалада болуы керек деп санайды. Мұндай таксилердің саны көбейсе, мүгедектердің өмірге бейімделуі арта түсетін еді деп санайды. Ал, әзірге ол жүргізуші және диспетчер қызметін жолға қоймақ. Бұл жұмыстарға аудан әкімшілігі де көмек қолын созатын болып, Әлімжан Құраловтың бизнес-жоспарын қарастыруды көздеп отыр.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.