Елбасы – Еліміздің дамуы үшін аянбай еңбек етті!

Spread the love

Өз еліңде бақытты, тыныш өмір сүргенге не жетсін! Айналаңдағы алыс-жақын елдерде соғыс болып жатқанда, ең алдымен, аспанымыз ашық, бейбіт ғұмыр кешудеміз. Сол бейбітшіліктің арқасында мен емін-еркін өмір сүріп, еркін білім алған ерікті елдің тұрғынымын. Мен болашаққа нық сеніммен, үлкен үмітпен қараймын. Осындай бақыттың, игілікті істердің басында көрегендік пен басшылық беріп жүрген еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ағамызға барлық алаш жұртының атынан балалық жүрегімнен алғыс айтамын! Ата-бабаларымыз беймаза көршілерінің шабуылына табандылықпен тойтарыс беріп, азаттығы мен дербестігін өмірдің мәніне балап,батыр халық аттың жалында, түйенің қомында жүріп, найзаның ұшымен, білектің күшімен, ақтық демі біткенше соғысып, елін дұшпанның қол астына бермей, бостандығын сақтап қалып отырған. Алтайдан Дунайға, Сібірден Шығысқа дейінгі ұлан-ғайыр даланы небір сұрапыл соғыстардан, замана зұлматтарынан алып қалды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдардың тар жол, тайғақ кешуінде де тәуелсіздік туын құлатқан жоқ. Ата-бабаның сол тізгінін Нұр аға мықтап ұстағандай. Олай деуімізде де себеп бар. Өйткені, Президент адам құқығы мен заңға саналы түрде басым бағыт бере отырып, өз еліндегі тыныштық пен келісімді көзінің қарашығындай сақтауда. Ата-бабамыз бес ғасыр бойы армандаған арманы орындалған екен. «Бітер істің басына, жақсы келсін қасына» деп дана халқымыз айтқандай, сол жұмыстардың дәл ортасында Ел Президенті жүрді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жетістігі- халқымыз өз таңдауымен Ел Президентін сайлады. Сөйтіп, Елбасына зор сенім артты, міндет жүктеді. Мұның мәнін біз жақсы түсінеміз. Нұраға-елге, барша әлемге танылған, өмір мен еңбектің шытырман жолдарынан өткен, шыңдалған, болашақты көрегенділікпен саралап, болжай білетін азамат.

Қазір газет тігінділерінен, кітап-журналдардан қарап отырсақ, елдіктің іргесін қалау оңай болмапты. Үстемдігін жүргізгісі келіп айқасқандарға Елбасы емеурінмен:

Шалқайғанға шалқай,

Пайғамбардың ұлы емес

Еңкейгенге еңкей,

Әкеңнен қалған құл емес,-

деген аталы сөзді айтқан. Сөйтіп жүріп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалыпты. Еліне сөз айтып, мына бір ойын өлең жолдарымен халқына жеткізіпті.

Омырауы уыз ананың,

Алсам ба деп еміп алғысын.

Бөрілі байрақ бабаның,

Баянды етсем деп мәңгісін

Қолымды созсам бірлікпен

Қолдайтын халқым бармысың?

 

Елбасының бұл тілегін тек қазақ халқы қолдап қана қоймай, басқа ұлт өкілдері де көмек көрсетіпті. Осы бір аумалы-төкпелі заманда елдің елдігін танытқан Елтаңба, аспан түстес көк Байрақ, рухты оятар Әнұранымыз қабылданды. Қазақ тілі-Мемлекеттік тіл болып қабылданып, Ата Заң өмірге келді. Бұл жасалған жұмыстар еліміздің бағыт-бағдарын анықтап берді.

Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуымыз, оның биік мінбесінде Елбасымыздың сөз сөйлеуін, яғни Қазақстанды бүкіл әлем тануын қалай ғана бақыт демеске! Тәңірге шүкіршілік, Елбасымыз осы жиырма жыл бойы елін, халқын сол даңғыл жолмен әкеле жатыр.Өткенінің өзі- көпке үлгі болар өмірбаян. Нұрсұлтан Әбішұлы Алатаудың аясында дүниеге келсе де, жанға жайлы мекенде өмір кешпей, еңбек жолын Теміртаудан бастап, Қазақстан Магниткасында шыңдалған. «Қанат ұшса қатаяды» деген осы болар. Алатаудан қанат қаққан жасөспірімнің ел азаматы дәрежесіне жетіп, өмірге білек сыбана араласуына, бүгінгі ел сенімін ақтауға бірден белсене кірісуіне үлкен көмегі болған. Міне, қажырлы еңбектің арқасында қиын-қыстау замандардан өтіп, осы азаттықтың ақ таңы атқан күндерге жетіп отырмыз.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *