Шымкент қаласының қаржылық дербестігі 53 пайызға жетті

0

Шымкент қаласының 2024 жылға арналған бюджеті 654 миллиард теңге көлемінде бекітілді. Оның ішінде қаланың өзіндік кірістері 345 миллиард теңге көлемінде жоспарланып отыр. Яғни, келер жылы қаланың өзіндік кірістерінің көлемі биылғымен салыстырғанда 63 миллиард теңгеге артады. Бұл қаланың қаржылық дербестігі 53 пайызға жетеді деген сөз. 

Бұл жөнінде сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының он бірінші сессиясында белгілі болды. Сессияны қалалық мәслихаттың төрағасы Бахадыр Нарымбетов ашып, жүргізіп отырды. Басқосуға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Сессиясының күн тәртібіне сәйкес, депутаттар Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының орындалу барысын қарап, мәслихаттың 2020 жылғы 23 желтоқсандағы аталған жоспарды бекіту жөніндегі  шешіміне өзгеріс енгізді.

Мұнан кейін қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев Шымкент қаласының 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті туралы баяндама жасады.

–Шымкент қаласының 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті заңнамаға сәйкес Қоғамдық кеңесте және мәслихаттың уақытша және тұрақты комиссияларында жан-жақты қаралды. Жалпы, Шымкент қаласының 2024 жылға арналған бюджеті 654 миллиард теңге көлемінде бекітілді. Оның ішінде қаланың өзіндік кірістері – 345 миллиард, субвенсия – 208 миллиард, республикалық бюджеттің трансферттері 100 миллиард теңге көлемінде жоспарланып отыр. Яғни, келер жылы қаланың өзіндік кірістерінің көлемі биылғымен салыстырғанда 63 миллиард теңгеге артады. Бұл қаланың қаржылық дербестігі 53 пайызға жетеді деген сөз. – деді Ерлан Бастарұлы.

Оның айтуынша, бюджеттің шығыс бөлігін қалыптастырған кезде ағымдағы міндетті шығындардан бөлек, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін бағыттарға басымдық берілді.

Бюджет жобасы бұған дейін егжей-тегжейлі қаралып, талқыланғандықтан, депутаттар оны бірауыздан дауыс беріп, бекітті. Айта кетейік, сессия барысында өзге де бірқатар мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Сессияның соңында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков депутаттық корпусқа бюджетті қарау барысындағы жемісті жұмысы үшін алғысын білдіріп, ел игілігі жолындағы қызметтеріне табыс тіледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *