ҚР энергетика вице-министрі Шымкент тұрғындарымен кездесті

0

ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарында қаладағы жылу жүйесінің жағдайымен танысу үшін «3-Энергоорталық» мекемесінде болды.  Мұнан кейін Е.Ақкенженов Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесіп, министрлік тарапынан үшінші мегаполистің энергетика және инфрақұрылымын дамыту бағытында қолға алынған жұмыстары жайында баяндады.

–2023-2025 жылдарға арналған бюджеттік бағдарлама шеңберінде 11,7 млрд теңгеге Шымкент қаласының Ынтымақ шағын ауданында 110/35/10 кВ «Ынтымақ» қосалқы станциясын және 110 кВ электр желілерін салу» жаңа жобасын іске асыру көзделген. Жобаны іске асыру кезінде Ынтымақ, Батыс, Солтүстік саяжай, Темірші әулие, Жаңатұрлан шағынаудандарының 45 мыңға жуық тұрғыны, Шымкент қаласының солтүстік-батыс бөлігіндегі жаңа әуежай терминалы үздіксіз электрмен қамтамасыз етіледі, – деді вице-министр.

Ерлан Құдайбергенұлы бүгінгі таңда елімізде өңірлерді газдандыру бойынша Шымкент қаласы жоғары көрсеткішке ие екендігін жеткізді. Биыл республикалық бюджеттен  3 жобаны (2 жалғасып жатқан,1 жаңа) іске асыруға 2,7 млрд теңге бөлініпті. Осылайша, Солтүстік-Саяжай шағынауданындағы 26 мың халықты газбен қамтуға мүмкіндік берген.

–Шымкент қаласына 2024 жылы республикалық бюджеттен 3 жобаны жүзеге асыруға 6,2 млрд теңге қаржы қаралып отыр. Бұл жобалар іске асырылса, 63 мың халқы бар Қайнарбұлақ елді мекені табиғи газге қол жеткізеді, – деп түсіндірді Е.Ақкенженов.

Кездесуге келген тұрғындар табиғи газ, сұйық газ және инфрақұрылымға қатысты сұрақтарын қойды. Әсіресе жиында сұйық газ тасымалымен айналысатын кәсіпкерлер тарапынан бағаны нарық талабына сай көтеру ұсынысы  айтылды. Оған вице-министр: 

–Ішкі істер министрлігінің  дерегі бойынша, осы жылдың қаңтар-тамыз айларында газ пайдаланатын автокөлік саны 2022 жылмен салыстырғанда шамамен 350 мың бірлікке өсті немесе өсім 71 %-ды құраған. Автомобильдердің бензиннен сұйытылған мұнай газына ауысуының негізгі себептерінің бірі –  баға айырмашылығы. Сонымен қатар, «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізілді.

Заң жобасының негізгі нормасы – Министрлік бөлшек сауда бағаларын бекіту бойынша құзырет беру болып табылады. Бұл сұйытылған мұнай газының бағасының күрт өсуіне жол бермейді.  Қазіргі уақытта Шымкент қаласы бойынша сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек бағасы литріне 64 теңгені құрайды. Ал 2024 жылдың 1 тоқсанында, яғни наурыз айынан бастап,  бір литр сұйық газдің бағасы 5 теңгеге өседі, – деді Е.Ақкенженов.

Айта кетсек, қазір Шымкент қаласында 192 автогаз құю станциясы бар. Шаһарда сұйытылған мұнай газын тұтыну көрсеткіші осы жылдың қаңтар –қараша айларында шамамен  105 мың тоннаны құраған екен.

Сөз соңында ҚР Энергетика вице-министрі тұрғындар толғандырған сұрақтарын «Е-өтініш» электрондық жүйесіне жолдауға болатынын, осылайша платформа арқылы министрлікпен байланыса алатынын жеткізді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *