17 қараша — халықаралық шала туылған балалар күні

0

Жыл сайын әлемде  шамамен 15 миллион бала шала туылады екен. Бұл әрбір туылған сәбидің 10-шысы. Мерзімінен бұрын босану әлемдегі жаңа туған нәрестелер өлімінің жартысына жуығын құрайды. Сондықтан да 17 қарашада әлемде «Халықаралық шала туылған балалар күні»  атап өтіледі. Осыған орай Шымкенттегі қалалық перзентханаға Алматыдан неонатолог дәрігер Қарлығаш Біржанқызы арнайы келіп,  дәрігерлер мен мейірбикелерге шеберлік сағатын өткізді. Сондай-ақ бұл күні дүниеге келген шала туылған нәрестелердің аналарын құттықтап сый- сияпат табыстады.

—Жүктіліктің 37 аптасына дейін дүниеге келген нәресте  шала туылған болып есептеледі. Мұндай балаларға ерекше күтім қажет. Оларды кезең-кезеңімен күтуді неонатологтар мен педиатрлар алдымен перзентханада, содан кейін балалар ауруханасы мен емханада күтімге алады. Оларға күрделі аппараттар, қымбат дәрі-дәрмектер, жоғары білікті медициналық қызметкерлер, әрине, ата-аналардың шексіз махаббаты мен шыдамдылығы қажет. Мерзімінен бұрын босанудың себептері әйелде созылмалы соматикалық патологияның болуымен, бұрын мерзімінен бұрын босануымен, зиянды әдеттермен немесе өндірістегі кәсіби зияндылық, анада құрсақішілік инфекцияның салдарынан болуы мүмкін. Себебін анықтау мүмкін болмайтын жағдайлар да бар, — дейді Қарлығаш Біржанқызы.

Мамандардың айтуынша,  қалалық перзентханада жылына 9-10мың нәресте дүниеге келсе, оның 5 пайызы шала туылады. Уақытына жетіп туылған ана мен бала 2-3 күнде үйге шығарылса, шала туылған нәрестелер күтіміне байланысты 7-10 күнге дейін неонотолог дәрігерлердің бақылауында болады.

Іс-шара барысында біліктілігімен бөліскен дәрігерлер өзара тәжірибе алмасты. Дәрігерлер  мұндай іс-шарадан үйренеріміз көп дейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *