Азия ойындарының жүлдегерлері жарысты қорытындылап, жоспарларымен бөлісті

0

Жазғы Азия ойындарының жүлдегерлері баспасөз мәжілісіне қатысып, жарысты қорытындылады. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев, Азия ойындарының жеңімпазы Сергей Емельянов пен күміс жүлдегер Мейіржан Шермаханбет және олардың жаттықтырушылары БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Жазғы Азия ойындарында Шымкент қаласынан 23 спорт түрінен 66 спортшы бақ сынап, жерлестеріміз 26 жүлде жеңіп алған болатын. Аталған сайысқа Шымкент қаласы республикалық мәртебе алғаннан кейін алғаш рет дербес команда ретінде қатысты. Басқарма басшысы енді қала спортшылары күнтізбелік жоспарға сәйкес, Олимпиада жолдамалары үшін сайысқа түсетінін атап өтті.

– Жазғы Азия ойындарын қала спортшылары жоғары жетістікпен аяқтады. Енді 22-28 қазан аралығында IV Пара Азия ойындары өтеді. Ол сынға Шымкент қаласынан 3 спорт түрінен 5 спортшы аттанады. Олардан да жақсы нәтиже күтеміз. Олимпиада ойындарына дайындық бойынша күнтізбелік жоспарымыз бар. Париж Олимпиадасына жалпы 15-ке жуық жолдама жеңіп алу мақсаты тұр, – деді басқарма басшысы.

Байдарка және каноэде есуден жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Сергей Емельянов, грек-рим күресінен Азия ойындарының күміс жүлдегері Мейіржан Шермаханбет ендігі ретте Олимпиада жолдамасы үшін тыңғылықты дайындыққа кірісетіндіктерін айтты. Баспасөз брифингінде спортшылар мен олардың бапкерлері БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Айта кетсек, Пара Азия ойындарына жүзуден Айсұлтан Кулкаев, Мансурбек Ибрашев, Алина Дубинина, садақ атудан Жасұлан Кішен және каноэде есуден Максим Богатырев жүлделі орындарға таласып көрмек. Спортшыларға сәттілік тілейміз!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *