«КҮМІС ҚАЛАМ – 2023»: жас ақындар тәуелсіздікті жырға қосты

0

Бүгін Шымкентте 25 қазан – Республика күніне орай жас ақындар арасында  «Күміс қалам — 2023» атты республикалық байқау өтті. Осымен үшінші жыл қатарынан дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан жыр мүшәйрасына 19 бен 35 жас аралығындағы ақындар қатысты.

Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен  өткен мүшәйра жыр маржанын терген жас ақындардың шабытына шабыт қосып, оларға жан жақты қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған.

Жыр кешіне Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов арнайы келіп, көпшілікті Республика күнімен құттықтап, үлкен додада бақ сынағалы отырған жас таланттарға сәттілік тіледі.

—Поэзия адам жанына рухани азық беретін әдебиеттің ең ұлы жанрларының бірі екені белгілі. Бүгінгі байқау жас ақындардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін, өнерге деген құштарлығын арттыра түседі деп ойлаймын. Сол арқылы жастар әдебиет әлеміне нық қадам басып, өз туындыларының көркемдік деңгейін шыңдай түссе деген ізгі ниетіміз бар. Байқау үміткерлерінің арасынан Ұлы Абай айтқандай, «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» келістіріп жазатын дара ақындардың шығатынына сенім білдіреміз, — деді Қ.Асылов.

Ережеге сәйкес, байқаудың шешуші кезеңінде 16 ақын өнер көрсетіп, көрермен қауымды мән-мағыналы әрі жалынды жырларымен қуантты. Нәтижесінде үздік деп танылған қос ақын финалға шығып, бақ сынасты. Осылайша, Ұлытау облысынан келген Айзада Рахымжан «Күміс қалам-2023» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Жеңімпазға арнайы күмістен құйылған қалам мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Ал, Жадыра Байбұланова — Есенғали Раушанов атындағы, Шерхан Талап — Әмірхан Балқыбек атындағы, Абзал Мақаш — Әбілдә Аймақ атындағы, Сезім Мергенбай — Мархабат Байғұт атындағы , Серғазы Қайырболды — Аманхан Әлім атындағы арнайы жүлделерге ие болды.

Қазылар алқасында «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс бастап, Ханбибі Есенқарақызы, Абай Қалшабек, Танакөз Толқынқызы және Әлімжан Әлішер төрелік етті.

Айта кетейік, іс-шара ертең «Күміс домбыра» атты жас ақындар айтысына ұласады. Өнер додасында 16 айтыскер ақын бақ сынайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *