2 алтын, 1 күміс жүлде олжалаған каратэшілерді қошеметпен қарсы алды

0

Жазғы Азия ойындарында шымкенттік каратэшілер 2 алтын, 1 күміс жүлде жеңіп алды. Ұлттық құрама көшбасшысы Софья Берульцева (+68 кг) мен Қайсар Алпысбай (60 келі) өз салмағында қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанды. 84 келіде Данияр Юлдашев күміс жүлдені қоржынға салды.

Осылайша Азия ойындарын 2 алтын, 1 күміс жүлдемен аяқтаған каратэшілерді Шымкент әуежайынан жерлестері күтіп алды.

Салтанатты жиында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, алдағы жауапты бәсекелерде сәттілік тіледі.

– Кезекті Жазғы Азия ойындарын шымкенттік спортшылар жарқын жеңіспен аяқтады. Мінекей, жоғары жетістіктерге жеткен спортшыларымыздың соңғы тобын қарсы алып отырмыз. Каратэшілер биыл Азия чемпионатында 2 алтын, 1 қола медаль еншілеген еді. Жазғы Азия ойындарында да сенім үдесінен шығып, осы жетістікті қайталады. Алда Олимпиада ойындары бар. Ол сында да жоғары жетістіктерді күтеміз, – деді Қуаныш Жұмабекұлы.

Биылғы Азия чемпионатында еліміздің құрамасы жалпыкомандалық есепте 1-ші орынға ие болған-тын. Жазғы Азия ойындарында да еліміздің каратэшілері 3 алтын жүлде иеленіп, командалық есепте үздік шықты.

Іс-шарада жеңімпаз спортшылар енді әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалатынын атап өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *