Қазақстан Республикасы Премьер – Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиевті қабылдады.
Кездесу барысында тараптар «TURKTIME!» ұранымен өтіп жатқан Қазақстанның Ұйымдағы төрағалығының аралық қорытындыларын, сондай-ақ Қырғызстандағы кезекті саммитіне дайындық процесін талқылады.
Министр Қазақстан Ұйымды құру бастамашысы ретінде түркі интеграциясын одан әрі дамытуға және нығайтуға ерекше мән беретінін мәлімдеді. Сонымен қатар ол ТМҰ-дағы Қазақстанның төрағалығы түркі елдерінің игілігін, дамудың тың бағыттарын және бауырластық байланысты нығайтып, өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталғанына назар аударды.
Өз кезегінде Бас хатшы Қазақстанның ТМҰ-дағы төрағалығы аясында ынтымақтастықтың 30 түрлі саласы бойынша 80-нен астам іс-шара өткізілгенін хабарлады. Негізгі іс-шара ретінде Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу болды. К.Омуралиев Ойындардағы мемлекеттердің кең өкілдігі түркі көшпелі мәдениетіне деген қызығушылықтың артып келе жатқандығының белгісі екенін атап өтіп, Ойындардың ұйымдастырылуын жоғары бағалады.
Сонымен қатар тараптар түркі ынтымақтастығының өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, Ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы кооперацияны одан әрі дамытуды талқылады.