Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында да инвестиция мәселесіне арнайы тоқталып «Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты.
Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс» деп тапсырды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының өзі белсенділік танытып жыл басынан бері бірнеше шетелдерге шығып, ірі инвестициялық жиындарға арнайы қатысып, қарамағындағыларды да инвестиция тарту бағытындағы іссапарларға жиі аттандырып облысқа ішкі және сыртқы инвестиция тарту бағытындағы жұмыстардың бәсеңдеп қалмауын қатты қадағалап отыр. Соның нәтижесінде Түркістан облысы ел бойынша инвестициялық жобалар тартуда алдыңғы лекте келе жатыр.
Күні кеше инвестиция тарту мәселесіне байланысты Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Астана қаласына арнайы іссапармен барды. Онда «Sovico Group» компаниясының басқарма төрағасы Нгуен Тхан Хунг мырзамен және компания делегациясымен кездесу өтті.
Кездесу барысында Түркістан облысының әкімдігі мен «Sovico Group» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.