Ордабасы ауданында қолайлы инвестициялық климат құру және экономикадағы өнеркәсіп саласын одан әрі дамытуға толық мүмкіндік бар. Атап айтқанда, мұнай-химиялық кластерді дамыту, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары өндірісінде, өңдеуді терең пайдалану, арнайы индустриальды аймақтарды ұлғайту, жаңа технологияларды ендіру және дамыту үшін өңдеуші өнеркәсіпке шетел компанияларын тартуға басымдық беріледі.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте Ордабасы ауданының экономикалық өсімін қамтамасыз ету бойынша аудан әкімі Азат Оралбаевтың есебі тыңдалды. Ауданның 2030 жылдарға дейінгі «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасының негізгі бағыттары мен көрсеткіштері және резервтер туралы баяндалды. Даму тұжырымдамаларына қатысты экономика, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризмді дамытып, жұмыспен қамту үшін тиісті басқарма басшыларының ұсыныстары қаралды.
Ауданды дамыту үшін негізінен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс атқарылмақ. Ол үшін инвестиция тарту, жаңа технологияларды ендіре отырып, өнімділікті арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендетуді басым бағыт ретінде таңдалып отыр. Даму жоспарда аймақтың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, туризм және кәсіпкерлік сынды салалар қамтылған. Стратегиялық құжат аясында барлық салаларды дамытуға бағытталған шаралар ұсынылған.
Облыс әкімі аймақты дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Зауыт, фабрикалар ашуға күш салуды, тұралап қалған өндіріс орындарын қайта жандандыруды тапсырды. Ордабасыда сауықтыру туризмін дамытуды міндеттеді.