Бүгін ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді.
– Қазір еліміздегі этностарды ұйыстырып отырған Ассамблея отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде дамып келеді. Былтыр Ақсақалдар кеңесі мен этномедиация институты құрылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға Президентіміздің өзі оң баға беріп, одан әрі жандандыруды тапсырды. Қазір Түркістан, Жамбыл облыстарында этносаралық алауыздықтың алдын алу жұмыстары тиімді жүріп жатыр. Ассамблеяның басты миссиясы барлық этностарды қазақ халқының қасына ұйыстырып, бір шаңырақ астына жинау. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамға іріткі салатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылуы керектігін қадап айтты. Қазақстан – бейбітшілікті ту еткен, 100-ден астам этнос өкілін бауырына басқан киелі мекен. Біз демократияға ден қойған құқықтық елміз. – деді Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин.
Жиында қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын БАҚ-та жандандыру, жалған ақпараттың таралуына қарсы заң аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және өзекті мәселелерді, ұсыныстарды талқылау, ақпараттық жұмыстарды жетілдіру жайы талқыланды. Бұл ретте, «Парасат» медиация және құқық орталығының сарапшы-конфликтологы Саламат Жұмағұлов, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Ғали Дінмұхаммед өз тәжірибелерімен бөлісіп, мазмұнды баяндама жасады.
Жиынға қатысушылар семинарда пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.