Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келіп, өңірдің халық қалаулылары мен қоғамдық кеңес мүшелерімен маңызды кездесу өткізді. Бұл жиынның басты мақсаты – халықтың көкейкесті мәселелерін талқылап, мемлекеттік саясаттың жергілікті деңгейде жүзеге асырылу барысымен танысу болды.

Сонымен қатар, Қазақстанның қоғамдық және саяси өмірінде маңызды оқиғалардың бірі ретінде, Сенат депутаты қоғамдық кеңес мүшелерімен Президенттің «Ана тілі» газетіне берген сұхбатын талқылады. Президенттің мемлекеттік тіл, ұлттық құндылықтар, білім беру және елдің дамуы туралы айтқан ойлары қоғамда үлкен қызығушылық тудырып, жан-жақты талқылауға ұласты.

– Бұл кездесуді 2024 жылы атқарған жұмысымызға есеп беру және алдағы жоспарларды талқылау десек болады. Шымкент үлкен мегаполис. Оңтүстік өңір әрдайым назарымызда. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының жақында берген сұхбаты аясында, еліміздегі атқарылып жатқан жұмыстар, мәселелер парламент жұмысымен үйлестірілее отырып, талқыланады бүгінгі кездесуде, – деді Дархан Қыдырәлі.

Кездесу барысында сенатор өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін көтеріп, Шымкенттің Қазақстанның ірі мегаполистерінің бірі ретінде алатын орнын атап өтті. Дархан Қыдырәлі қала тұрғындарының білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және инфрақұрылымды дамытуға қатысты пікірлерін тыңдады.

Қоғам белсенділері мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, жастарды ұлттық құндылықтарға баулу және мәдени мұраны сақтау бағытында өз ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, қаланың экологиялық жағдайы, жол инфрақұрылымы мен тұрғын үй мәселелері де талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі болды.

Сенатор өз сөзінде жергілікті қоғам белсенділерінің елдің дамуында алатын орны ерекше екенін атап өтіп, олардың ұсыныстары мен бастамаларын жоғары бағалады. «Шымкент – елдің мәдени және экономикалық орталықтарының бірі. Қаланың дамуы тек жергілікті билікке ғана емес, қоғамның белсенді араласуына да байланысты. Біз осындай кездесулер арқылы халықтың шынайы проблемаларын түсініп, шешім қабылдау процесін жақсарта аламыз», – деді Дархан Қыдырәлі.

Кездесу соңында Дархан Қыдырәлі қоғам белсенділерінің ұсыныстарын Парламент деңгейінде қарастырып, оларды шешу жолдарын іздестіруге уәде берді. Бұл сапар халық пен билік арасындағы тығыз байланыс орнатуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *