Бүгін қалалық Абай атындағы кітапхананың 70 жылдық мерейтойы салтанатты түрде атап өтілді. Бұл тарихи шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, кітапхана басшылығы мен қызметкерлері, сондай-ақ, студент жастар қатысты. Мерекелік кеш мазмұнды бағдарламасымен және рухани байлығымен ерекшеленді.
Мереке қонақтары алдымен «Таңдаулы туындылар төрімізде» акциясымен танысып, Абай шығармашылығы мен ұлттық құндылықтарды насихаттайтын жобалардың маңызын бағалады. Сонымен қатар, «Абай ауылы» фотоаймағында ұйымдастырылған «Ұлы даланың Ұлы Абайы» және «Шырайлы Шымқала» атты кітап көрмелері көпшіліктің назарын аударып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Салтанатты шара барысында кітапхана қызметкерлеріне алғыс хаттар мен марапаттар табысталды. Сонымен қатар, «Руханиятқа риясыз қызмет» атты бейнеролик көрсетіліп, кітапхананың жетістіктері мен оның рухани даму жолындағы рөлі туралы кеңінен баяндалды.
Мерейтойдың құрметті қонағы, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек құттықтау сөз сөйлеп, қала әкімінің жылы лебізін жеткізді. Ол кітапхананың білім беру мен рухани құндылықтарды насихаттаудағы ерекше рөлін атап өтіп, ұжымға алғыс білдірді.
Айтыскер ақындар Қалижан Білдаш, Нұрғали Әнәпия және Жақып Мейіржан кітапхана мерейтойына арналған жүрекжарды арнауларын оқып, кешті әсерлі өлеңдерімен көркемдеді. Олардың шығармашылығы мерекелік кештің рухани мазмұнын байыта түсті.
Мерекенің мәдени бөлімі де ерекше әсерлі өтті. Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған композициялар орындалып, оның терең ойлы өлеңдері мен жанға жылу беретін әндері шырқалды.
Мерекелік шараның қорытынды сөзі Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Нұрила Серікбайқызы Жұмановаға берілді. Ол кітапхана ұжымының қажырлы еңбегі мен оқырмандарға деген адалдығын атап өтіп, барша құттықтап келген қонақтарға алғыс білдірді.
Абай кітапханасының 70 жылдық мерейтойы рухани құндылықтарды дәріптейтін жарқын шара болды. Алдағы уақытта да оқырмандарын білім мен мәдениет әлеміне жетелеуді жалғастыра бермек.