Шымкентте сиыр етінің бір килограмы орташа есеппен алғанда 2500 теңге тұрады, ол базарда 3000 теңгеден сатылады. Мегаполисте жылқының жұмсақ еті 3800-4000 теңгеден болса, қазы 4500 теңге, деп хабарлайды Otyrar.kz. Басылым мәліметіне сүйенсек, қалада сиыр еті қымбаттап жатыр. Бір ай бұрын сиырдың сүйекті еті 2500 теңге тұрса, қазір бағасы 3000 теңгеге жеткен. Ал ет сатушылардың сөзіне сенсек, қазір тұтынушылар аз. Олардың бірі мұны бағаның шарықтауымен түсіндірсе, екіншісі халық арасында «жілік» алатындар көбірек екенін айтып отыр. «2900 теңгеден сатсақ та шағымданады. Қазір сауда аз, ет сатылмайды. Ет Өзбекстанға кетіп жатыр деп естиміз. Ол жақта бағаның шарықтауы мен доллар бағамының көтерілуіне байланысты ет қымбаттапты. Мал союға барғанда иелері 2600 теңгеден бермейді. Ал шығынымызды есептесек, бұл бағаға қалай сатамыз?», — дейді ет сатушысы Розмат Юлдашев. Шымкентте сиыр етінің бағасы жылқы етімен теңесуге жақын. Сатушылар да, тұтынушылар да мұны уақытша құбылыс деп есептейді.