Қарашаның соңғы аптасында әлем елдерінің ақпарат құралдарында Қазақстан жайлы жиі жазылғанын байқадық. Ресей Президенті Владимир Путиннің мемлекеттік сапармен келуі аясында бірнеше келісімдер өтті, бұған қоса еліміздің ҰҚШҰ-ға төрағалығы қорытындыланды. Оның үстіне Қазақстанның ел аумағынан жанармай алып кетуге байланысты шектеулері де сөз болуда. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.
Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы қорытындыланды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы кезінде барлық міндеттер орындалғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Астанада өткен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында айтты. Ақпаратты ресейлік РИА жаңалықтар қызметі таратты.
– ҰҚШҰ – жай ғана әскери серіктестік емес, мемлекеттеріміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау мақсатындағы күш-жігеріміз бен ресурстарымызды біріктіретін бірегей механизм екенін атап өткен ләзім. ҰҚШҰ төрағасы ретінде Қазақстан өз күш-жігерін өзара іс-қимылды нығайтуға, дағдарыстық жағдайларға жедел ден қою тетіктерінің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ терроризмді, трансұлттық қылмысты және есірткінің заңсыз айналымын қоса алғанда, қауіп-қатерлерге қарсы күресте ұйым мүмкіндіктерін дамытуға шоғырландырды. Қазақстан Республикасының төрағалығы кезінде қойылған міндеттердің бәрі орындалды, – деді Тоқаев сессияның ашылуында.
Қазақстан басшысы ҰҚШҰ жарғылық органдарының отырыстары, әскери оқу-жаттығулар мен профилактикалық операциялар жоспарлы түрде өткізілгенін айтты. Ұжымдық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері сыртқы істер және қорғаныс министрлері тарапынан жан-жақты қаралып, 2024 жылы қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары мен парламент басшылары деңгейінде кездесулер өтті.
Астанадағы сессияға ҰҚШҰ-ға мүше Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Тәжікстан және Қырғызстан өкілдері қатысты. Ал 2025 жылы төрағалық Қырғызстанға ауысады.