Сирия бойынша 23-халықаралық кездесу 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Астанада өтеді. Бұл жайында Сириядағы жағдайды реттеуге арналған Астана процесі аясындағы 22-халықаралық кездесу қорытындысында белгілі болды.
«Астана форматының» кепілгер елдері — Иран Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы және Түркия Республикасы өкілдері кездесу қорытындысына орай бірлескен мәлімдеме қабылдады. Онда келіссөзге қатысушылар тарапының Астанада Сирия бойынша 22-халықаралық кездесуді өткізген Қазақстанға шынайы ризашылық білдіргені айтылады.
«Астана процесінің» бастауында тұрған және осы бірегей көпжақты тетіктің табысты жұмыс істеуі үшін үнемі өз алаңын ұсынған әрі қонақжайлылықты қамтамасыз еткен Сирия бойынша халықаралық кездесулер іс-шараларының ие-елі ретіндегі Қазақстан тарабының ерекше рөлі атап өтілді. 2022 жылғы 19 шілдедегі үшжақты саммиттің қорытынды мәлімдемесінде бекітілген Ресей Федерациясында жоғары деңгейде кездесу ұйымдастыру уағдаластығы еске салды. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Астанада Сирия бойынша 23-халықаралық кездесу өткізуге уағдаласты», — делінген еліміздің Сыртқы істер министрі орынбасары Әлібек Бақаев жария еткен үшжақты мәлімдемеде.
Сондай-ақ мәлімдемеде тараптар Таяу Шығыстағы зорлық-зомбылықтың күшеюінің Сирия Араб Республикасындағы жағдайға кері әсерін мойындайды. Израильдің Сириядағы барлық әскери шабуылын айыптайды.
Бұл әрекеттер Сирияның халықаралық құқығын, халықаралық гуманитарлық құқығын, егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзды деп санайды. Оларды тұрақсыздандырушы және аймақтағы шиеленісті күшейтуші деп таныйды және осы шабуылдарды тоқтатуға шақырады.
Идлибтің деэскалация аймағында және одан тыс жерлерде бейбіт тұрғындарға қауіп төндіретін террористік топтардың болуы мен әрекеттеріне қатты алаңдаушылық білдіреді. Гуманитарлық жағдайды қоса алғанда, Идлибтің деэскалация аймағындағы және оның айналасындағы жағдайды тұрақты қалыпқа келтіруді қамтамасыз ету үшін одан әрі күш салуға келіседі.
Айта кетейік, кездесуге қатысу үшін Қазақстан елордасына 11 делегация келді.
Келіссөздердің жалпы отырысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев ириядағы жағдайды реттеуге арналған Астана процесі аясындағы халықаралық келіссөздердің 22-ші раунды нәтижелі аяқталғанын мәлімдеді.