«TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумы аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шетелдік инвесторлармен G2В форматында кездесу өткізді. Өңір басшысы аймақтың инвестициялық әлеуеті туралы айтып, әрбір инвестордың облыс экономикасына тиімді жобасы назарға алынатынын, қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Жалпы жиырмаға жуық инвестормен кездесу өткізілді. Қытайлық инвестор жеделсаты шығаратын зауыт ашу ұсынысын жеткізді. Қазақстандағы және көрші елдердегі нарықты зерттеп, Түркістан облысында жұмысын бастағысы келетінін айтты. Ал келесі инвестор аймақта кілем, перде және түсқағаз шығаратын өндіріс орнын ашуға ниетті. Халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға қауқарлы компания өкілдеріне тиісті қолдау көрсетілетіні айтылды.

– Біз бірлескен жобаларға, жұмыс орнын ашып, өңірдің өндірістік әлеуетін көтеретін бастамаларға әрқашан қолдау көрсетеміз. Мемлекет басшысының инвесторларды қолдау, отандық өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмасы бар. Осында зауыт ашып, отандық өнім көлемін арттырсаңыздар мемлекет тарапынан жергілікті кәсіпорындардың өнімдерін алуға басымдық беріледі. Жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндіктер қарастырылған. Арнайы экономикалық аймақ, индустриалды аймақтар және өндірістік парктер бар. Бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.

Бетпе-бет жүздесуде сиыр және тауық етін өндіріп, экспорттау, тауық жемін шығаратын цех ашу, электр қуатын өндіру, үлкен музыкалық субұрқақтар, жарық пен көлеңке шоулары, ғимараттарды сыртқы жарықтандыру жобалары ұсынылды. Сондай-ақ құрылыс, логистика, тұрмыстық заттар шығару және өзге де салалар бойынша келіссөздер жүргізілді.

Айта кетейік, Түркістан облысында негізгі каптиталға тартылған инвестиция көлемі былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 972 млрд теңгені құрап, триллионға жуықтаған. Бұл көрсеткіштер аймақта өндірістің дамып, өнеркәсіптің дамып жатқанын айғақтайды. Өңірде былтыр өңдеу өнеркәсібінде 20 инвестициялық жоба толық іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Облыста өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.

 

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *