«TURAN» арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешенінің» қазығы қағылды. Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-нің директоры Сюй Цзе мақтаны терең өңдеп, дайын өнімді экспортқа шығаратын көпсалалы кешеннің капсуласын салды. Аймақ басшысы бұл жобаның әлеуметтік маңыздылығын айта келе, мақта шаруашылығын жаңа деңгейге шығаратын жаңа бастамаға сәттілік тіледі.

Келер жылы жүзеге асатын жобаның құны 146,8 млрд теңгені құрайды. Толық циклді тоқыма фабрикасының құрамында жіп иіретін, мата шығаратын, бояп, өңдейтін 11 цех салынады. 2000-нан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Жоспар бойынша жылына 13000 тонна иірілген жіп, үйге арналған 50 миллион метр   тоқыма бұйымдарын, 7 миллион төсек-орын жиынтығын шығарады. Өндіріс орнының қуаттылығы жыл сайын артып отырады.

Мақта-тоқыма кластерін дамытуға  бағытталған өндіріс орнының құрылысын Xinjiang Lihua Group Co., LTD компаниясы қолға алды. Компания әлемге танымал «Louis Vuitton», «Gucci» брендтерімен тікелей жұмыс істейді. Алдағы уақытта Түркістанда шығаратын жіптер мен маталарды әйгілі брендтерге сатуды көздеп отыр.

Түркістан облысы – елімізде мақта өсіретін жалғыз өңір.  Облыста мақта-тоқыма кластерін құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық берілуде. Елімізде бәсекеге қабілетті тоқыма және тігін өнеркәсібі дамымағандықтан, шитті мақтаны сату бағасы экспорт нарығына тәуелді болып отыр.

Өзекті мәселені шешу үшін облыс әкімінің тапсырмасымен өткен жылы «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» бекітілді. Оған сәйкес 4 бағытта, егістікті әртараптандыру, тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу, мақта кластерін құру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіледі. Нәтижесінде 2027 жылға дейін 9 мақта кластерін құру көзделген. Нәтижесінде мақта бағасына тәуелділік жойылмақ.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *