Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кеңес төрағасы Мелес Сейтжановтың төрағалылығымен өткен жиынға кеңес мүшелері, Шымкент қаласының прокуратурасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің, қала әкімдігі басқармаларының, «Оңтүстік» АЭА басшылары қатысты. Кеңес төрағасы Мелес Сейтжанов қала әкімдігі тарапынан өңірге инвесторларды жұмылдыру бойынша барлық шаралар қабылданып жатқанын, жаңа индустриялық аймақтар құрылып, қаланың сәулеттік тартымдылығын жақсарту бойынша, оның ішінде туризмнің дамуы үшін де тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. 

Соның дәлелі ретінде Шымкентте алғаш рет әйгілі Coca-Cola зауыты ашылғанын айтуға болады, сонымен қатар қаланың инвестициялық тартымдылығына оң әсер ететін халықаралық деңгейдегі басқа да компаниялар ашылуда. Жиында Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаева Шымкенттегі арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) экономиканы дамытуға мүмкіндік беретін ерекшеліктерге ие екеніне тоқталып өтті. «2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында арнайы экономикалық аймақтарды дамыту жөніндегі Жол картасы бекітілді. Қазіргі таңда бұл – отандық АЭА-ны дамыту жөніндегі басты стратегиялық құжат, ол барлық мүдделі тараптың жұмысын экономикалық аймақтардың жұмысын жүйелеуге және шоғырландыруға мүмкіндік береді. 

Айта кетейік, Шымкенттегі «Оңтүстік» АЭА еліміздегі табысты арнайы экономикалық аймақтардың бірі саналады. Аймақтағы инвестиция көлемі – 60 миллиард теңге, өндіріс көлемі – 156,4 миллиард теңге. Бюджеттің 1 теңгесіне 7,4 теңге инвестиция құйылған. Оған қоса АЭА қатысушылары салық кодексіне сәйкес салық преференцияларын қолданады», – дейді Майя Исаева. Кеңес отырысында Шымкент қаласы прокуратурасы басқармасының басшысы Бақытжан Байғозиев «Оңтүстік» АЭА-на қатысушылардың жер учаскелерін алудағы проблемалары туралы баяндама жасады. «Күн тәртібіндегі мәселе күрделі. Өйткені, арнайы экономикалық аймақты құрудағы басты мақсат – өңірді жедел дамыту, тиімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті өндіріс құру. 

Заңға сәйкес арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы (Басқарушы компания) АЭА қатысушыларына ақылы негізде уақытша пайдалануға жер учаскелерін береді. Прокуратура жүргізген тексеру нәтижесінде инвестицияны дамытуға бағытталған түрлі қолдауларға қарамастан, Басқарушы компания тарапынан жер учаскелерін осы қатысушыларға беру барысында жасанды әкімшілік кедергілер болғаны анықталған. Соның салдарынан инвесторлар өз міндеттемелерін келісімшартта белгіленген мерзімдерде орындай алмауға мәжбүр болуда. Прокуратура жүргізген тексеру барысында ғана АЭА-ның екі қатысушысына жер учаскелері берілді. Анықталған бұзушылықтар бойынша прокуратура ден қою актісін енгізетін болады», – деді Бақытжан Байғозиев.

 

 

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *