Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы Тұрақты өкілі Андрей Михневпен, Халықаралық қаржы корпорациясының (ХҚК) Қазақстан мен Қырғызстан бойынша менеджері Зафар Хашимовпен, сондай-ақ Қазақстандағы ХҚК өкілдігінің басшысы Екатерина Бенджаминмен кездесу өткізді.
Ә. Қуантыров Қазақстан мен Дүниежүзілік банктің қаржы тобы арасында қалыптасқан нәтижелі және табысты ынтымақтастықты жоғары бағалады. Министрдің орынбасары халықаралық ұйымдардың өкілдеріне қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, Дүниежүзілік банк пен ХҚК инфрақұрылымдық және бизнес-жобаларды жүзеге асырудағы, сондай-ақ Қазақстан заңнамасын жетілдірудегі оң үлесін атап өтті.
Өз кезегінде А. Михнев Қазақстан экономикасын дамыту үшін сауда-логистикалық бағыттарды әртараптандыру және халықаралық тәжірибені беру үшін инфрақұрылымды инвестициялаудың маңыздылығын атап өтті. З. Хашимов ұзақмерзімді ірі инфрақұрылымдық жобаларды құрылымдау тәжірибесінің маңыздылығын атап өтсе, Э. Бенджамин Қазақстан өңірлерімен ынтымақтастықты нығайту бойынша нақты қадамдар жасауға ниетін білдірді.
Тараптар халық үшін әлеуметтік маңызы бар өңірлік инвестициялық жобаларды іске асыруға Халықаралық қаржы корпорациясын белсенді тарту мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, энергетика, су инфрақұрылымын жаңғырту, климаттың өзгеруінің салдарымен күрес сияқты салалардағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Кездесу соңында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыру ниетін қуаттап, келешегі зор жобалар туралы ақпарат алмасуға келісті.