Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» ынтымақтастық кеңесінің 21-ші отырысының жұмысына қатысты. Келіссөздерде еуропалық делегацияны ЕО Кеңесіне төрағалық ететін Мажарстан Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийярто бастап барды.

Ынтымақтастық кеңесінің жыл сайынғы отырысының дәстүрлі күн тәртібі Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы саяси және сауда-экономикалық өлшемдегі екіжақты өзара іс-қимылға шолуды, сондай-ақ Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің ережелері негізінде жан-жақты диалогты кеңейту жөніндегі бірлескен қадамдарды талқылауды қамтыды.

Қазақстан экономикасына инвестициялар мен озық технологияларды тарту, сирек жер материалдары саласындағы ынтымақтастық, көліктік өзара байланыс және орнықты даму, энергетика, сондай-ақ өнеркәсіпті жаңғырту бөлігінде тәжірибе алмасу диалог пен өзара қызығушылықтың негізгі тақырыптарына айналды.

Еуропалық тарап ЕО-ның «Жаһандық қақпа» («Global Gateway») стратегиясы шеңберінде сараптама және инвестициялар тарту арқылы Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытуға жоғары мүдделілікті растады. Тараптар Азия мен Еуропа нарықтары арасындағы логистикалық және сауда-инвестициялық байланыстарды кеңейту үшін осы көлік дәлізінің перспективаларын ерекше атап өтті. Осы тұрғыда делегациялар ТХКБ дамыту жөніндегі үйлестіру платформасының іске қосылуын құптап, нақты жобаларды тезірек іске қосу жөніндегі күш-жігерді ұштастыру қажеттігін көрсетті.

«Жасыл» энергетика саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Талқылау аясында тараптар жасыл сутекті дамыту мен орнықты экономикаға көшудің маңыздылығын атап өтті. Қазақстан осы салада айтарлықтай әлеуетке ие бола отырып, еуропалық серіктестерді инвестициялық жобаларға белсенді қатысуға шақырды.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *