Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Шардара ауданына жұмыс сапарымен барды. Іссапар барысында аудан әкімі Арман Қарсыбаевпен және жауапты өкілдермен бірге аудандағы мақта қабылдау пункттері мен зауыттарын аралап, шаруалармен кездесті. Диқандармен кездесуде осы саланы дамыту бағытында ұсыныстар мен мәселелер айтылды.
– Өздеріңізбен арнайы кездесіп, «ақ алтынға» қатысты мәселелерді талқылауға келіп отырмыз. Өңір басшысы Дархан Амангелдіұлының тапсырмасымен облыста мақта кластерін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Әрине, бәрімізді биылғы баға мәселесі алаңдатып отыр. Баға экспортқа, нарыққа тәуелді. Оны жақсы білесіздер. Басты мақсатымыз – осы өсімдікті еккен шаруаларға барынша қолдау көрсету. Әрбір мақта қабылдау пункттеріндегі лобораториялардың дұрыс жұмыс істеуін, таразылардың таза болуын және шаруалардың қаржысын келісім бойынша уақтылы беру мәселелерін қарап шығудамыз. Жиын-терім науқаны ойдағыдай өтеді деп ойлаймыз, – деді Бейсен Тәжібаев.
Кездесуде диқандар жер, су, жиын-терім, өнім бағасына қатысты мәселелерді қозғады. Қазіргі кезде мақта пункттері аванс ретінде қаржы таратып жатқандарын, бірақ нақты баға белгіленбегенін жеткізді. Ал өнімді қабылдаушы тарап баға тұрақтаған соң шаруалармен толықтай есеп айырыспақ.
Облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапарында Достық ауыл округінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті. Қызылқұм ауыл округіндегі «АИИГ Қазақстан» ЖШС (бұрынғы «Нимэкс») мақта өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Одан кейін Ұзыната ауыл округіндегі «Берік» шаруа қожалығының қытайлық технологиямен егілген «ақ алтын» алқабында болды. Одан кейін Алатау батыр ауыл округіндегі «АИСИСИ» ЖШС-нің мақта өңдеу зауытының жұмысымен танысып, осы саланың өзекті мәселелері бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сонымен бірге Ұзыната ауыл округінде орналасқан «Шардара мақта» ЖШС-нің қабылдау пунктінің жұмысымен танысты. Көксу ауыл округіндегі мақта қабылдау пунктінің жай-күйі де бақыланды.