Тарихы 1976 жылы құрылған «Фосфор» медициналық-санитариялық бөлімшесінен бастау алатын Шымкент қалалық №2 ауруханасына биыл 45 жыл толып отыр. Жарты ғасырға жуық тарихы бар, денсаулық сақтау саласында өзіндік орны қалыптасқан ұйым мерейлі күнге орай салтанатты жиын емес, «Тәжірибелік медицинаның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды.

13

 

Конференцияның салтанатты ашылуында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылбеков №2 аурухананың бүгінгі мүмкіндіктеріне тоқталды.
— Шымкент қалалық №2 аурухананың 45 жылдығына орай халықаралық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып отыр. Конференцияға Германия, Түркия, Ресей, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстанның және еліміздің белгілі ғалымдары келді. Бұл еліміз бен шетел ғалымдарының, дәрігерлерінің тәжірибе алмасуына, емдеу ісінің жаңа әдістерін қолданысқа енгізуге мүмкіндік бермек. Бүгінде Шымкент қалалық №2 ауруханасы — мегаполистегі көпсалалы орталықтың бірі. Мұндағы 13 бөлімшеде науқастарға шұғыл және жоспарлы түрде терапевтік және хирургиялық медициналық көмек көрсетіліп отыр. Аурухананың басты ерекшелігінің бірі — жуырда ашылған ІІІ деңгейлі инсульт орталығы. Сонымен қатар, орталық заманауи медициналық техникалармен жабдықталып, мүмкіндігі артып отыр. Алдағы уақытта өзге де күрделі оталар жасауды қолға алмақ. Кардиоинтеграциялық технологиялар бойынша білікті маман, аурухананың бас дәрігері Асқар Рахматалиев күрделі оталарды өзіміздің қалада жасау үшін аурухананы жан-жақты дамытуға үлес қосып отыр, — деді Нұрлыбек Абибуллаұлы.
Аурухана тарихына үңілсек, 1976-1996 жылдар аралығында «Фосфор» МСБ, 1996-2016 жылдар аралығында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ клиникасы, 2016 жылдан бастап Шымкент қалалық №2 ауруханасы аталған. Бүгінге дейін бұл ауруханадан республикаға белгілі 11 медицина ғылымдарының докторы мен жүздеген кандидат қанаттанған.

14

Салтанатты жиында ОҚМА ректоры М.Рысбеков пен ұзақ жылдар бойы «Фосфор» МСБ бас дәрігері, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ клиникасының директоры қызметін атқарған И.Байдәулет құттықтау сөз сөйлеп, аурухана тарихынан сыр шертті. Қилы кезеңдерден өткен аурухана ұжымының халыққа адал қызмет ете отырып, заман ағымынан да қалыспай, дамып келе жатқанын тілге тиек етті.
— Біздің аурухана — көпсалалы, яғни стационары, перзентханасы, емханасы бар, 13 бөлімнен тұратын іргелі орталық. 2019 жылы аурухана күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды. КТ, заманауи бипланды ангиографиялық аппарат орнатылып, құрылғылардың көмегімен күрделі ауруларды диагностикалау және емдеу сапасы жақсарды. Ауруханада гемотология, онкогемотология, пульмонология сынды бейінді салалар дамып келеді. Сонымен қатар, ІІІ деңгейлі инсульт орталығы жұмыс істеуде. 2021 жылы мұнда инсульт алған науқастарға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін диагностика мен емдеудің рентгенхирургиялық әдістері бөлімшесі ашылды. 2022 жылдың 10 айында инсульт орталығында 797 науқас емделіп, 206 азаматқа ота жасалды. Бүгінде ауруханада интракраниальді артериаларға стенттерді тері арқылы имплантациялау, бас және мойын тамырларының эндоваскулярлық операциялары жасалып жүр. Өткен жылы алғаш рет өңештің варикозды-кеңейген тамырларын эмболизациялау отасы жасалды. Алдағы уақытта инновациялық технологияларды қолдана отырып, медициналық қызмет сапасын арттыра түсеміз, — дейді №2 аурухананың бас дәрігері А.Рахматалиев.
Айта кетейік, екі күнге жоспарланған ғылыми конференцияда ғалымдар 4 секцияға бөлініп, өзара тәжірибе алмасты. Бірінші секцияда терапия мен неврология, екіншісінде — кардиология, интервенциялық кардиология, нейрохирургия, үшіншісінде – хирургия, гинекология, акушерлік іс және педиатрия, төртіншісінде орта медициналық қызметкерлердің рөлі жөнінде талқылау жүргізілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.