Биыл еліміздің ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына — 30 жыл. Әрбір мемлекеттің шекарасы шегенделіп, тәуелсіздігі танылған соң, ол елдің тыныштығын сақтап, сыртқы жаудан қорғайтын айбынды Қарулы күштерінің қалыптасуы заңды құбылыс.
Осыған орай, ҚР Қарулы Күштері құрылған күннен бастап елінің патриоты ретінде тер төккен «ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Онбаев Серікбай Мейірбайұлымен тілдескен едік.
Оңтүстік Қазақстан облысы Шорнақ ауылында дүниеге келген ол Отан алдындағы парызын өтеп, елінің ұлтжанды азаматы болып қалыптасуына әке аманатының ерекше рөл атқарған айтады.
— Бала күнімізден қазақтың халық ауыз әдебиетімен сусындап, батырлар жырын тыңдап өстік. Әкем Мейірбай — соғыс ардагері. Ол үнемі «Әскери қызмет — үлкен міндет. Әскерилер — Отанның, туған жерінің қорғаны. Менде әскери білім болмады. Соғыста алған жарақатымның салдарынан әскери боламын деген арманыма да жете алмадым. Әке жолын жалғастыратын сендерсіңдер» деп отыратын. Әкемнің осы сөзі мені жігерлендіріп, өмірлік жолымды таңдауыма ықпал етті, — дейді Серікбай Мейірбайұлы.
Созақ ауданы Шолаққорған ауылында Ы.Алтынсарин атындағы №1 орта мектепті бітірген соң, Мәскеудің жоғары әскери командалық училищесіне аттанады. Алайда, әскери оқу орнында орыс тіліне шщорқақтығынан біраз қиналғанын да жасырмайды. Дейтұрғанмен, мақсатқа жету жолындағы табандылықтың арқасында 6 айдың ішінде тілді меңгеріп, қатарластарынан озып шығады. Тіптен, училищеге түскеннен соң, әскери ант қабылдар алдында Калашников автоматынан алғашқы оқу-жаттығу дәрісінде құралайды көзге атқан мергендігімен қатарластарынан оқ бойы озық шығады. Тапсырмаға сәйкес 3 оқ атып, 30 ұпай жинау шарт болса, Серікбай Онбаев 30-дан 29 ұпай алыпты.
Жоғары әскери оқу орнын тәмамдаған С. Онбаевты 1974 жылы Орал әскери қолбасшылығына Свердловск қаласына жібереді. Әскери қызметтен қол үзбей, Екатеринбург қаласында жоғары партиялық білім алады.
— Әу бастан туған жерге ту тігуді мақсат еткендіктен жат жерде ұзақ жүруді жөн көрмедім. Мақсатым 1979 жылы орындалып, Алматы облысындағы әскери бөлімнің штаб бастығы болып оралдым. Осылайша, әскери салада өзімді дамыта бердім. Қызметте де біршама өстім, — дейді кейіпкеріміз.
Серікбай Онбаев — ҚР Қарулы Күштері құрылған тұста да өзінің Отан алдындағы парызын өтеу мақсатында білек сыбана атсалысқан азаматтардың бірі.
— 1991 жылы Қазақстан Қорғаныс комитетінің құрылуына байланысты басқарма бастығының орынбасары, ұйымдастыру-штаттық бөлім бастығы қызметіне тағайындалдым. Ал, 1992 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық аппаратына жұмысқа шақырылып, түрлі дейгейде басшылық қызметтерді атқардым.
Әскери сала терең білімді, асқан төзімділікті, қатаң тәртіпті талап етеді және міндетті мінсіз атқара алғандар ғана мамандығының шыңына жете алады. Мен өскелең ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік пен ұлттық рухтың жоғары екеніне сенемін, — дейді Серікбай Мейірбайұлы.
Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің алдағы нөмірлерінен оқи аласыздар.
Замира АЛДАБЕРГЕНОВА
Суретті түсірген Серік ҚОСАЕВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.