Үшінші мегаполисте жалпы құрылыс қызу жүруде. Соның ішінде әлеуметтік нысандардың да үлесі аз емес. Атап айтқанда, биыл қалалық құрылыс басқармасы тарапынан 23 әлеуметтік нысан салынуда.

 

Жеке-жеке тоқтала кетсек, білім беру саласында 11 нысанның құрылысы жүруде. Оның ішінде 8 мектепке қосымша оқу ғимараттары (жалпы 3 725 орын), 1 өнер мектебі, 1 оқушылар сарайы, 1 колледжге қосымша ғимарат бар.

Мәдениет саласында Конгресс-холл және зообақты қайта құру жобасы қолға алынған. Ал спорт саласында жалпы 4 нысан бар: 1 жаңа спорт мектебі, 1 спорт мектебіне қосымша ғимарат, медициналық колледжге спорт залы мен 1 стадионды қайта құру.

Төтенше жағдай саласында 2 ірі нысанның құрылысы басталып кеткен: қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында және
Түркістан көшесінің бойында өрт сөндіру көліктеріне арналған депо салынуда. Абаттандыру саласы да ұмыт қалған жоқ – Еңбекші ауданы мен Шымсити шағынауданында жаңа саябақтар бой көтереді.

Бұған қоса денсаулық сақтау саласында Қазыбек би көшесінің бойында жаңа стационар мен ауыл шаруашылығы бойынша
Қаратау ауданында биометриялық шұңқыр құрылысы қолға алынған. Жалпы, 23 әлеуметтік нысанға 21,1 млрд теңге қаралған. Оның ішінде 6,2 млрд теңге республикалық бюджет есебінен, ал 14,9 млрд теңге жергілікті бюджеттен бөлінеді.

Жауапты мамандардың мәліметінше, 2022 жылы 9 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Бүгінде
4 мектептің жанындағы қосымша оқу ғимараттары аяқталған: №№ 38, 46, 47 және 80 мектептер. Жалпы саны 1 350 орынды құрайтын оқу ғимараттары қалалық білім басқармасының теңгеріміне өткізіліп, оқушылар білім алуда.

Ал қалған 5 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі. Олар: 1 мектепке және 1 колледжге қосымша оқу ғимараты, 1 саябақ, 1 өрт сөндіру депосы, 1 ауыл шаруашылығы нысаны. Қалған 14 нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.