Шымкентте бір айлық іс-шара кезінде 18 жағдай анықталды. Оның 8-і есірткі сатуға қатысты іс болса, 10-ы оны заңсыз өсіру жағдайына қатысты. Бұл туралы Шымкент қалалық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Арман Ақшораев мәлімдеді.
Бүгін Жастар ресурстық орталығында 26 маусым — Халықаралық нашақорлық және есірткі саудасына қарсы күрес күніне арналған іс-шара өтті. Онда Шымкент қалалық Полиция департаменті, ЖИТС-тің алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық, Психикалық денсаулық орталығының мамандары мен қала тұрғындары, белсенді жастар қатысты.
Азаматтарға салауатты өмір салтын насихаттап, қоғамды нашақорлыққа, заңсыз есірткі айналымына тосқауыл қою мақсатында ұйымдастырылған іс-шара барысында бір айлық профилактикалық жұмыс қорытындыланып, белсенділік танытқан сала мамандары марапатталды.
— Бір ай көлемінде нашақорлыққа және есірткі заттарын қолдануға, сатуға қарсы республика көлемінде арнайы іс-шаралар ұйымдастырылды. Мұндай жұмыстар тек Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде жүргізілді. Бір айлық іс-шара кезінде 18 жағдай анықталды. Оның 8-і есірткі сатуға қатысты іс болса, 10-ы оны заңсыз өсіру жағдайына қатысты. Сондай-ақ, өзге облыстардан есірткі тасымалдау жағдайлары да тіркелді. Заң бұзушылықтың алдын алу мақсатында жастармен кездесіп, оларға салауатты өмір салтын насихаттап, есірткі затының зияны, адам өміріне төндіретін қаупі түсіндірілді, — дейді Арман Оңғарұлы.
Салтанатты жиынға келушілерге ЖИТС-тің алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық мамандары тегін қызмет көрсетті. Яғни, әрбір келуші аты-жөнін жасырын сақтап, АИТВ инфекциясына экспресс тестілеуден өтті. Мамандар 15-20 минут аралығында талдама иесіне қорытындысын хабарлап отырды.
— Бүгінгі іс-шара барысында Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығының мамандары қала тұрғындарына салауатты өмір салтын насихаттап жатырмыз. Нашақорлыққа қарсы жұмыс барысымен, одан зардап шеккен азаматтардың тағдырымен, оларды емдеу жолымен таныстырып отырмыз. Бүгінде Шымкент қаласы бойынша ішімдікке тәуелді және нашақорлыққа әуес 6000 азамат тіркелген. Ал, 460 төсек орынды орталықтың 230 орны нашақор және ішімдікке бейім науқастарға арналған. Оларды бұған дейін 2 деңгейлі емдеу процесінен өткізіп келген едік. Биылдан бастап 3 деңгей қосылмақ. Яғни алғашқы кезеңде науқастың денсаулығын қалпына келтіру жұмыстар болса, 2 деңгейде оны қоғамдық жұмыстарға араластыру арқылы орта қалыптастыру жұмыстары жүргізілетін. Ал 3 деңгейде науқастың әлеуметтік жағдайына ерекше мән берілмек, — дейді Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Серік Мыңбаев.
Жиын барысында Шымкент қалалық Полиция департаментінің Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері ән шырқап, Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ өздерінің қызметтік іс-әрекеттерін паш етті. Сонымен қатар, Департаменттің Кинологиялық қызмет орталығының мамандары қызметтік иттердің жұмысымен таныстырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.