form

Қазіргі заманда әйелдердің қоғамдағы рөлі орасан. Олардың қатарында іскер әйелдер мен басшылық қызметтегі нәзік жандылар ғана емес, көпбалалы аналар да бар. Ел экономикасының дамуына үлес қосып отырған әйелдердің білімін шыңдап, денсаулығына көңіл бөлуі аса маңызды. Шымкент қаласында өткен «Әйелдің ел дамуындағы рөлі» атты форумда осындай өзекті мәселелер талқыға салынды. Әйелдердің әлеуметтік, экономикалық және қаржылық әлеуетін көтеру мақсатында қолға алынған жиынды Amanat партиясының Шымкент қалалық филиалы ұйымдастырды.

Форумда ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова, Шымкент қаласы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Баян Жандосова, Қостанай қаласынан келген еліміздің ең үздік акушер-гинекологы Гүлнара Қожагелдина және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Шымкент қаласындағы басқармасының өкілі Гүлжан Маханова баяндама жасады. Жиынды Amanat партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева жүргізіп отырды.

– Amanat партиясы Шымкент қалалық филиалы барлық саладағы әйелдердің рөліне ерекше көңіл бөледі. Бүгінде партияның жанынан 11 қоғамдық кеңес құрылып, түрлі салалар бойынша жұмыс жүргізуде. Осы кеңестің құрамында әйелдердің үлесі басым. Жетекші партияның сайлауалды тізіміне әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізу қажеттігі заңдық тұрғыдан қаралған, — деді өз сөзінде Жанар Әлібекқызы.

Пікіралмасу форматында өткен форумда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ж.Сүлейменова Мемлекет басшысы елімізде әйелдерді әлеуметтік тұрғыда қолдауға көп күш салып жатқанын, 1 қыркүйекте жарияланған Жолдауында да игі бастамалардың қолға алынғанын жеткізді. Жиынға қатысқан әйелдер қауымы Мәжіліс депутатына толғандырған сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Шымкенттегі бір топ әйелдің талап-тілегін жеткізген Әйгерім Ерланқызы «көпбалалы ана» категориясының ауқымын кеңейту қажеттігін айтты.

–Өзім 5 баланың анасымын. Қаладағы қоғамдық көліктерде тек «Алтын» және «Күміс» алқа иелері ғана ақысыз жүре алады. Біз секілді 4-5 балалы аналарға да осындай жағдай қаралса екен. Мәселен, Алматы мен Астана қалаларында 5 балалы аналар «көпбалалы ана» категориясына кіреді және көптеген әлеуметтік қолдау жобаларына қатысады. Одан кейінгі мәселе, атаулы әлеуметтік қолдау қаражаты отбасындағы бала санына қарамай берілсе деген ұсынысымыз бар. Қазір әйелдер арасында кесарь тілігі арқылы босанғандар өте көп. Олар тек 4 рет қана ота көмегімен босана алады. Міне, осындай келіншектердің тағы ана болу мүмкіндігінің шектелгені ескеріліп, «көпбалалы ана» деген мәртебе берілсе, оларға да «Күміс» немесе «Алтын» алқа табысталса құп болар еді, — деді ол.

Бұл ұсынысқа Мәжіліс депутаты Жұлдыз Досбергенқызы: «Жуырда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әйелдерді әлеуметтік қолдау бағытында жаңа концепциясын ұсынды. Жаңа құжат шеңберінде әйелдерді тек әлеуметтік қамтамасыз ету жағынан ғана емес, көпбалалы отбасыларда балалардың физикалық, интеллектуалды және денсаулығын сақтауға жағдай жасау үдерісі қаралған. Еліміздегі барлық отбасының әлеуметі мен әлеуетін көтеруге бағытталған концепцияны әлі де талқылалып жатыр. Қазір құжатқа 3-4 баланы дүниеге әкелген аналардың жаңа мәртебесі туралы ұсыныстар енгізіліп жатыр.

form 1

Ал, қоғамдық көліктерде ақысыз жүру мәселесі жергілікті бюджет есебінен атқарылады. Дәл қазір Мәжілістің өңірлер бюджетін қадағалайтын құзыреттілігі жоқ. Алайда, 2023 жылдан бастап жаңа мажоритарлық сайлау жүйесінен кейін Парламент Мәжілісі жылына екі рет ҚР Аудиторлар палатасын шақырып, аймақтарда бюджеттің игерілуі, оның ішіндегі жалпы сипаттағы трансферлер қайда жұмсалып жатқанын бақылай алады. Осы сайлаудан кейін 30 пайыздық квотамен сайланған әйел депутаттар еліміздегі қыз-келіншектердің денсаулығы мен білімі, оларды әлеуметтік қолдауға арналған бюджетті бекітуге атсалысады деп үміттенеміз, — деп көпбалалы аналарды толғандырған сұрақтарға толыққанды жауап берді.

Елімізде әйелдердің білімі мен біліктілігін, қоғамдағы белсенділігін арттыру үшін қатып қалған қағидалар мен кейбір стереотиптерді жою керек. Ең алдымен қыздардың сапалы білім алуына жағдай жасалса, болашақта өзіне сенімді әрі елдің дамуы жолындағы түрлі жобаларды жүзеге асыруға сеп болмақ. Мәжіліс депутаты
Ж.Сүлейменованың сөзінше, қазір мемлекеттік деңгейдегі шешім қабылдайтын тетіктерде әйелдердің үлесі небәрі 3 пайыздан аспай отыр. Ал, ел экономикасының кірісі саналатын мұнай саласындағы басқарушы қызметтерде отырған әйелдердің үлесі тіптен аз, ол 0,9 пайызды құрайды екен.

–Мұнай саласының басшылық қызметті атқару үшін STEM бағытындағы білімді игеру керек. Математика, физика, химия және биология пәндері интеграциясындағы ғылымды игеру әйелдерге көптеген күрделі есіктерді ашады. Өкінішке қарай, қыз-келіншектеріміздің осындай салаға бет бұруға деген құлшынысы өте төмен. Көбіне мамандық таңдайтын кезде білім, медицина және әлеуметтік саланы ғана құп көреді. Қазір ел экономикасында елеулі салмағы бар мұнай, газ секілді өзге де жер қойнауындағы байлықтарды игеріп отырған алып компанияларды қарапайым қазақ әйелдері де басқарсын десек, жаратылыстану бағытындағы білімді жетік меңгеруге үгіттеу қажет. Мемлекет басшысы өз Жолдауында жер мен жер қойнауындағы байлық халыққа тиесілі деді. Өткен жылы біз әлеуметтік заңға Қазақстанда жер қойнауын пайдаланған компаниялар жылына 1-3 пайызға дейін әлеуметтік кәсіпкерлікке қаражат бөлуді міндеттейтін норма қабылдадық. Бұдан бөлек, халықты әлеуметтік қолдауға арналған қаншама жобалар іске асуда. Әйелдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін мемлекеттің көмегінен бөлек өздігінен білім алуға, жаңа кәсіпті игеруге күш жұмсаса ғана жоғарыда айтылған нәтижелер нәтиже бере бастайды. Қыз-келіншектердің біліктілігін жетілдіру мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс, –деді Жұлдыз Досбергенқызы.

Иә, расында да қазіргі заманда әйелдерінің жан-жақты болуы – уақыт талабы. Әйтсе де, халық арасында өз құқығын қорғауға қауқары жетпейтін әйелдер де баршылық. Әйелдер басқосуында өзінің ерекше бағытымен танылған, жуырда ғана «URKER-2022» ұлттық сыйлығы аясындағы «Батыр Қазыбаев атындағы» арнайы марапатқа ие болған фототілші Әйгерім Бегімбет тұрмыстағы әйелдердің зорлық-зомбылыққа тап болу себептерін баяндап берді. Фототілші биыл «Түркістан әйелдері» атты жобасында қоғамның түрлі саласында ерлермен иық тіресіп, еңбек еткен әйелдер мен оның кәсібі туралы фоторепортаж жасаған. Әйгерім алдымен 2021 жылы іске асырған «Үрейін жеңгендер» атты жобасы жайлы айтты. Осы жобаның кейіпкерлері отбасында зорлық-зомбылыққа ұшырап, уақыт өте келе үрейін жеңіп шығыпты. Қиындықтың себебі – өз құқығын білмегендігі.

–Отбасында зорлық көрген әйелдер мен балаларды, құлдық қамытын киген жандарды анимациялық бейнелер арқылы ақпараттық сайтта жарияладық. Байқағанымдай, тағдыр тәлкегіне түскен жандардың құқықтық сауаты өте төмен болып шықты. Жылдар бойы олар көрген зардабын «бөрік асты» мен «жең ішінде» сақтап келген. Өкініштісі, ондай әйелдеріміз қоғамда өте көп және оларға жақын туыстары да қол ұшын беруден жалтарады. Біз осындай кейіпкерлер жайлы ақпараттық порталда жариялағанымызда тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген кезде қайда хабарласу керектігі, әлеуметтік қорғау орталықтарының байланыс номерін жазып отырдық. Кейіпкерлеріміздің арасында алты жыл бойы құлдықта болған Өзбекстан азаматшасы, жылдар бойы күйеуінің қорлығын көрген көпбалалы аналар, өгей әкесі зорлаған жасөспірім қыздар да бар. Барлығының осындай жағдайға тап болуының астарында білімсіздік жатыр. Өз мақалаларымыз арқылы қиындық көрген жандардың санасына ой салып, бойына сенімділік ұялатқымыз келді. Нәтижесінде, өзімен тағдырлас жандар жайлы оқыған оқырмандар тиісті орталықтарға хабарласып, құқықтық және психологиялық көмек алған. Ол үшін біз де әлеуметтік орталықтармен тығыз байланыста жұмыс жасадық. Біз зерттеген әйелдердің көбі психологиялық жағдайы жақсарып, өзін құқықтық жағынан қорғай алатын деңгейге жетті, — деді фототілші.

Ә.Бегімбеттің «Үрейін жеңгендер» жобасы өткен жылы ТМД елдері арасындағы байқауда жүлделі ІІ орынды иеленіпті. Мұнан кейін Әйгерім Бегімбеттің ерекше кейіпкерлері туралы «Түркістан әйелдері» атты жобасын бірлесе атқарған әріптесі Жанерке Хумар баяндап берді.

–Әйгерім суретке түсірген кейіпкерлердің ерекшелігі әйелдер туралы қалыптасқан түсініктерге қайшы келеді. Биылдың өзінде осындай 6 әйел жайлы мақала жарияладық. Біз тек зорлық-зомбылық жөнінде ғана мәселе көтеріп қана қоймай, елдің экономикасына үлес қосып отырған, түрлі стереотиптерге қарсы келген, еңбекқор әйелдерді де насихаттауды қолға алдық. Мәселен, 40 жыл тракторды тізгіндеген Алтын апай – 8 баланың анасы. Олармен әңгімелесу барысында еңбекпен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатынын байқадық. Ал 51 жыл құрылыс кранын басқарған Шәубан апамыз Шымкенттің көпқабатты үйлерін салуда елеулі үлесі бар. Краншы апай зейнетке шықса да әлі күнге дейін құрылыс компанияларында ауыр техниканы нәзік қолымен тізгіндеп отыр. Кейіпкерлеріміз жайлы айта берсек таңды таңға жалғармыз. Әйтсе де, барлығының бойында бірдей қасиет – батылдық, өзіне деген сенімділік пен алға қойған мақсаттың айқындығын байқадық. Олар ешқашан «мынау ердің ісі, әйелдерге жараспайды» дегенді ойына алмапты. Президентіміз өз Жолдауында айтқандай нағыз еңбек адамы, өз саласының білікті маманы міне, осындай жандар, — деді Жанерке Хумар.

Әйел – отбасының тірегі, тыныштық шырақшысы, ұл-қыздарының бағдаршысы. Болашақты дұрыс бағдарлау үшін әйелдің саулығы мен білімді болуы маңызды. Форумды айтылған мысалдар, спикерлердің сөзінің түйіні де әйелдерді сауатты болуға, өзін жетілдіруге бағыттайды. Жиын соңында Amanat партиясының Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Ж.Бектаева партия жанынан «Әйелдер қанаты» жобасы қолға алынатындығын жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.