Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепованың айтуынша, қазіргі кезде Түркістан облысында ерте шығатын қырыққабатты жинау жұмыстарына дайындық басталды. Осы өнім нарыққа түскеннен кейін баға төмендеуі керек. «Шамамен, 170 мың тонна қырыққабат жиналады деген жоспар бар. Мұның барлығы өзімізге де, экспортқа шығаруға да жеткілікті. Әкімдіктер фермерлермен ерте пісетін қырыққабаттың 3,5 тоннасын жеткізу бойынша келісімшарт жасады. Иә, бағаның өскені байқалады. Бірақ осы аптаның ішінде жаңа өнім нарыққа түсккеннен кейін қырыққабаттың бағасына қатысты жағдай тұрақталады», — деді Хатепова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Ал сауда және интеграция министрлігі фермерлердің «аузы бір күйіп қалғанын» хабарлады. Бұған дейін қырыққабатқа жоғары сұраныс болған. Шаруалар көп өніп екті. Бірақ пандемия салдарынан біраз өнім далада қалды. Осыдан кейін олар қырыққабатты аз еккен. Ал Ресей тарапынан сұраныс жоғары болды. Баға да шарықтап кетті. Сауда комитеті төрағасының орынбасары Айдар Әбілдабековтың айтуынша, осы жолы бағаның өсуіне маусымаралық кезең әсер етіп отыр. Жаңа өнім әлі жиналған жоқ. Ал былтырғы қырыққабатты сақтау және тасымалдауға біраз шығын шыққан. Содан баға да көтеріліп отыр. «Негізі, ерте пісетін қырыққабат 24-25 наурыз күндері болады деген болжам болған. Бірақ оңтүстікте 10-12 күндей жаңбыр жауды. Күн көзі түспеді. Содан өнім де кешіктірілді. Бүгін алғашқы қырыққабат кетті деген ақпарат түсті. Бірақ әлі кішкентай екен. Бес күндей керек. Бес күн қырыққабат жемей тұрсақ, бәрі жақсы болады (күлді). Сол кезде қырыққабат нарыққа көп мөлшерде түседі. Бәсекелестік бағаны түсіреді. Оған қоса, бұл қырыққабат ұзақ сақталмайды», — деп атап көрсетті Әбілдабеков. Әбілдабеков фермерлерден қырыққабат 140 теңгеден сатып алынатынын да айтты. «Енді, ары қарай жеке кәсіпкер жеткізсе, мәселен, Нұр-Сұлтанға дейін тағы келісіне 30-40 теңге қосады. Одан кейін біреуге 200-ден бере салады. Ол өз кезегінде 220-250 теңгеден таратып береді. Ал дүкенде тұрған сатушы 300-ден сатады. Ал әкімдіктер өздері сауда желілеріне таратса, онда қырыққабаттың бір келісі 200 теңгенің маңайында болады деген сенім бар», — дейді Әбілдабеков.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.