А. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің қызметкерлері «Қыран ғұмырлы Дала перзенті» атты тарихи көрме ұйымдастырды. Көрме Алаш қозғалысының қайраткері, тарихшы, табиғаттанушы, тілтанушы, әдебиетші, дәрігер, ұстаз Халел Досмұхамедұлының 140 жылдығына орай жасақталды.
Бүгінде Алаш қайраткерлері туралы көптеген ақпарат жазылып та, айтылып та жүр. Алайда, өскелең ұрпақ тарихымызды танып өсуі арда азаматтарымызды насихаттай беруіміз керек. Оқырмандарымызға Халел Досмұхамедұлының өмірінен, елдің дамуына қосқан үлесі жайлы тың деректермен бөлісуді жөн көрдім.
Рәбиға Сыздықова «Шахан шерткен сыр» еңбегінде: «Әкеміз Сәтіғали Құтқожин кезінде жерлесі Халел Досмұхамедовпен, замандастары заңгер Жанша (анамыз солай деп атайтын, ал құжат бойынша есімі Жаһанша болса керек) Досмұхамедовпен, дәрігер Иса Қашқынбаевпен, әнші төре тұқымы Шынтас Қаратаевпен, «Алаш» партиясының кеңсе қызметіне араласқан туысы Рахметолла Қаржаубаевтармен дос,жолдас болып өткен. Мұны біз анамыз Жеміс Қалуқызының әңгімелерінен кейін білдік…1937 жылы бірден ұсталып, сол жылы-ақ атылып кеткеніне қарағанда, оның 1917-1920- жылдары Қаратөбеде, Текеде (Орал қаласында), Ойылда қызмет етуі, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Р.Қаржаубаев, И.Қашқынбаевтармен бірге жүруі негізгі себеп болғаны даусыз. Сірә, әке-шешеміз Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтармен де жүздесіп, дәмдес болған болар деп ойлаймын»-деп жазған.
Халел Досмұхамедұлы Алашорданың атты әскерін ұйымдастырып, Самарадағы Комуч үкіметінен қару-жарақ алуға, Ұлттық банк ашуға, баспахана, «Еркін қазақ» газетін шығаруға көп еңбек сіңірді.
Атты әскерді ұйымдастырудағы еңбегі жайлы Бақытжан Қаратаевтың «Краткий очерк истории Алаш Орды. Сборник документов и материалов» еңбегінен білуге болады.
Алашорда таратылғаннан кейін Х.Досмұхамедұлы басқа қазақ зиялылары секілді жаңа өкіметтің жұмысына тартылды. Түркістан республикасы халық ағарту комиссариаты жанынан Түркістан халықтарының оқу-ағарту, мәдени және ғылыми мұқтаждарын өтеу үшін арнайы ұйымдастырылған Білім комиссиясының мүшелігіне, кейін төрағалығына сайланды. Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушысы болды.
Орта Азия (Түркістан) университеті медицина факультетінің хирургиялық емханасында ординатор, Түркістан денсаулық сақтау халық комиссариаты алқасының мүшесі және емдеу-санитарлық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Ол «Табиғаттану», «Жануарлар», «Адамның тән тірлігі» (қазақша-орысша жаратылыстану сөздігі), «Оқушылардың денсаулығын сақтау», «Дене бітімі және оның жұмысы туралы әңгімелер», «Сүйектілер туралы» т.б. оқулықтар мен ғылыми еңбектер жазды. Сонымен қатар, қазақ халқының тілі мен әдебиетіне, тарихына қатысты материалдар жинақтап, тілдің дыбыс жүйесінің өзекті мәселесі – сингармонизм заңын зерттеді. Сондай-ақ, оның қаламы жүйрік журналист болғанын қазақ тілінде шығып тұрған «Шолпан», «Ақ жол», «Еңбекші қазақ», «Сәуле» сияқты газет-журнал беттерінде жарияланған мақалаларынан айқын көруге болады. Ол қазақ-қырғыз білім комиссиясы жанынан «Сана» журналын шығарып, өзі редакторлық еткен.
Өзі проректор болып істейтін, халқымыздың алғашқы жоғары оқу орны Қазақ педагогика институтының негізінде Қазақ мемлекеттік университетін ұйымдастыру жөніндегі комиссияның төрағасы, оның бірінші проректоры болып тағайындалады.
1925 жылы Кеңес үкіметі ұйымдастырған қуғын-сүргін саясаты кезінде тұтқындалып, ОГПУ үштігінің шешімімен Воронеж қаласына 5 жылға жер аударылды. Онда жүріп Денсаулық сақтау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі, балаларды емдеу-сақтандыру амбулаториясы меңгерушісінің орынбасары секілді қызметтерді атқарды. Соңғы бір жыл кесімді мерзімі бітсе де, елге оралмады.
Сәуле Халелқызы Досмұхамедова өз естелігінде: «Біз Воронежде Ветеринар көшесіндегі 13-ші үйдің астыңғы қабатында тұрдық. Сол үйде облыстық денсаулық бөлімінің Тазалық сақтау және тамақтану институты жайғасқан-ды. Институтқа қарайтын үйден бізге екі бөлме берілді, біреуі үйшік сияқты тар. Сол ғимараттың қарсысында жергілікті ОГПУ-дің кеңсесі болатын, әкем оған күн сайын тіркелуге барады, кейіннен аптасына бір-ақ рет келуге рұқсат етті. Көкем жұмыс істейтін денсаулық бөлімінің аудандық бөлімшесі біз тұратын үйден бірнеше орамда, әкем оған Төңкеріс даңғылымен жаяу барады. Тап осы көшеде Педагогика институтының жатақханасы болатын. Біздің жұпыны тұраққа жер аударылған қазақтар жиі келетін-ді. Кейде қазақ жастары да келіп, шай, иә ас ішіп отырып, әкеммен сұхбат құрады…» деп жазған (Медеу Сәрсеке.Шығармалар, Т.6. Ноқталанған тарихшы. Деректі роман-эссе.-Астана: Фолиант баспасы, 2015, 61-62 беттер.)
Әпкесінің әңгімесін 1923 жылы дүниеге келген сіңлісі Қарлығаш Халелқызы мынадай естелікпен толықтырыпты: «1957 жылдың жазында мен Медеу шатқалындағы «Просвещенец» демалыс үйінде кейбір таныстарымды кездестірдім. Солардың бірі – тарих профессоры Ә.Б. Тұрсынбаев. Бірде ауладағы орындықта демалып отыр едім, Әбде Бошыұлы жақындап келіп, қасындағы бейтаныс ер адамға: «Міне, таныс бол, өзің сұраған Халел Досмұхамедовтің қызы…» — деп әлгі кісіге мені таныстырды да, өзі әлдеқайда кетіп қалды. Бейтаныс адам Ермұхан Бекмаханов екен. Маған ол екі жыл Воронежде оқығанын, өзі тұрған Педагогика институты жатақханасының терезесінен таңертең және кешкілікте қолына әдемі таяқша ұстаған, үнемі көзілдірік киіп жүретін кексе адамды көріп, ақыры бір күні көшеде тосып тұрып, әкеммен танысқанын әңгімеледі…».
1938 жылы 26 шілдеде жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып әуелі Мәскеу, кейін Алматы түрмесінде отырды. 1939 жылы 24 сәуірде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесіліп, 1939 жылы 19 қыркүйекте түрме ауруханасында өкпе туберкулезінен қайтыс болды. Оның ісі тек 1958 жылы 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер коллегиясында қайта қаралып, ақталды.
Алаштанудың тарихи деректік, ғұмырбаяндық негіздерін ұштай түсетін естеліктерді жүйелі түрде жинақтау, арнайы басылымдарын шығару —көкейтесті мәселе. Әлемдік мемуаристикада қалыптасқан озық дәстүр қазақ топырағында барынша жаңғыруы қажет.
Г. МЕДЕУОВА,
А.Пушкин атындағы әмбебап кітапхананың кітапханашысы