Бүгін Шымкент қалалық Қазақстан халықтары Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының кезекті кездесуі өтті.
Басқосуға Шымкент қаласындағы БАҚ өкілдері, жергілікті блогерлер, қоғам белсенділері қатысты. Ассемблеяның жаңадан сайланған төрайымы Зәуре Оралбекова ұйымдастырған жиында қоғамдағы тұрақтылыққа, ұлтаралық татулыққа байланысты келелі ойлар қозғалып, пікірлер айтылды. ҚХА-ның 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасында көрсетілгендей, Ассамблеяның негізгі жұмыс бағыты – мемлекет құрушы қазақ халқының құндылықтары аясында өзге ұлт өкілдерімен қоғамдық татулық және келісім негізін қалыптастыру.
— Бұл орайда «Қазақтану» жобасының жұмысын жандандыру аса маңызды. Жобаны республика бойынша жүзеге асыруды бұдан 5 жыл бұрын Наталья Сергеевна Романова ұсынған болатын. Жоба мақсаты мемлекет аумағындағы өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ халқының дәстүр-салтын, мәдениетін насихаттау. Осымен үндес «Ұлт үні» жобасы да кең көлемде қолдауға лайық. Ассамблеяның алдағы жұмысы сапалық тұрғыда жақсаруына айрықша көңіл бөлеміз. ҚХА дегенде тек қана ұлттық тағамдарды танытып, билерді көрсету деген стереотип қалыптасқаны жасырын емес. Осы көзқарасты түбегейлі өзгертуге күш саламыз. Бұл мақсатта ассамблея өткізетін іс-шаралардың форматын өзгертуді, жаңа тұлғалар мен тың ойларды жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз. Әсіресе жастарды бұл шаруаға жұмылдыруға көп көңіл бөлу керек, — деді ассамблея төрайымы Зәуре Оралбекова.
Жиынға қатысқан БАҚ өкілдері өз тараптарынан ұсыныс-пікірлерін айтып, ілкімді бастамаларды қолдауға әркез ықылысты екенін жеткізді.
Nartv телеарнасының бас редакторы Ардақ Жақсылықова ҚХА ұйымдастыратын іс-шаралар тек көзге көрсету үшін өткізілетін «есептік» шаралар емес, шын мәнінде көпке ой салатын, ұлттың ынтымағын арттыратын ықпалды жұмыстар болуы керектігін баса айтты.
«Ұлтаралық татулық қоғам тұрақтылығының кепілі» деген тұжырымды ойға тоқтаған қатысушылар алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс жасауға бәтуаласып тарады.
Айта кетейік, Шымқаладағы миллионнан саны асқан тұрғындардың 68 пайызға жуығы қазақтар болса, 17 пайызы өзбек ұлтының, 8 пайыздан астамы орыс ұлтының өкілдері. Басқа ұлт өкілдері жалпы көрсеткіштің 6 пайызға жуығын құрайды. Шымкент қаласы бойынша ҚХА-ға қарасты 17 этномәдени орталық қызмет атқаруда.
Б.ӘБДІОРАЗ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.