Ресей (Б. Ельцин), Украина (Л. Кравчук) және Беларусь (С. Шушкевич) басшылары қол қойған Беловежье келісімі посткеңестік кеңістіктегі саяси ахуалдың күрделіленуіне әкеліп соқты. Оны жылдам реттеу жайын біз Орталық Азия республикалары басшыларының жұмыс кездесуімен байланыстырдық. 1991 жылдың 13 желтоқсанында Ашхабадта – Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстан басшылары кездесті. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев – өзбек басшысы Ислам Каримов екеуі – жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасындағы араздыққа жол бермес үшін көп күш-жігер жұмсаған тұлғалардың бірі. Қазақстан талқылауға соңынан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының кеңейтілген форматтағы теңқұқылы құрылтайшылары болған Орталық Азия республикалары достастығының жаңа жобасын ұсынды. 1991 жылдың 21 желтоқсанында Алматыда бүкіл әлемнің назарын аударған келесі кездесу болып өтті. Оған Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Украина сияқты жаңа тәуелсіз 11 республиканың басшылары қатысты. Соның қарсаңында, 20  желтоқсанда, Қазақстан бұрынғы одақтас республикалар болған барлық жаңа мемлекеттердің тәуелсіздігін ресми түрде таныды. Осы тарихи кездесудің хаттамасы жоғары деңгейлі келісуші тараптар ретінде қатысушы 11 елдің теңқұқылы жағдайда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құратынын және оның құрылуымен КСРО өзінің тіршілігін тоқтатқанын тіркеді. Алматы шешімі Одақтың бей-берекет ыдырауын тоқтатып, саяси-өркениеттік бөлінуге жол бермеді, тәуелсіз жаңа мемлекеттердің әрекеттерін үйлестіруді қамтамасыз етті – өйткені олардың арасындағы келіспеушілік мүмкіндігі қиын зардаптарға әкеліп соғуы мүмкін еді. Достастықтың жоғары органы – Мемлекет басшыларының кеңесі мен Үкімет басшыларының кеңесі болды. 1993 жылдың қаңтарында ТМД жарғысы қабылданды. Менің сол кездегі табанды позицияма сәйкес, ТМД – мемлекет те, ұлттық құрылым да емес, қалыптасқан жағдайға тән аймақтық әріптестік механизмі болып құрылды. Өйткені басынан бастап барлық саяси шешімдер мүдделі жақтардың мәмілесі негізінде қабылданды және кез келген мемлекет қандай да бір шешімдердің орындалуына қатысудан бас тарта алатын. Достастық еркін бірлестік сипатында қалыптасты.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.