Қазақстан алғашқы күндерден бастап барлық елдермен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға әзірлігін және ниеттілігін білдірді. Бұл позиция өзгеріссіз қалды. Елбасымыз Н.Назарбаев  реалист саясаткер ретінде Қазақстанның жағдайында іргелес Ресей мен Қытай және бүкіл әлемге ықпалы үлкен супердержава – АҚШ сияқты ірі мемлекеттермен өзара тиімді, достық қарым-қатынастың маңызды екенін түсінді. Біз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының өзінде өзара сенімге негізделген осындай байланыстарды нығайтуға кірістік. Қазақстанның  әлемдік саясаттан тысқары қалмауы Ресей, Қытай мен АҚШ сияқты үш державамен арадағы жемісті әріптестіктің арқасы екеніне берік сенімдіміз. Қазақстан үшін қашанда Ресеймен қарым-қатынас басым бағытқа ие. Екі ел арасындағы көпқырлы әріптестік пен тығыз байланыс ортақ тарихтың көп жылғы дәстүріне негізделген, арада әлемдегі ең ұзын шекара сызығы, тығыз экономикалық және адами байланыстар, мәдени-гума нитарлық құндылықтар жақындығы бар. Екіжақты қарым-қатынастың негізгі бағыттарын нақтылаған бірінші тарихи құжат Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 1992 жылдың 25 мамырында қол қойылған Достық, әріптестік пен өзара көмек туралы келісім болды. Келісімде Қазақстан мен Ресей өз қарым-қатынастарын одақтас мемлекеттер ретінде нығайтып, қалыптасқан берік тарихи байланыстарға арқа сүйеуге келісті. Екіжақты байланыстар мемлекеттік тәуелсіздіктің, аймақтық тұтастық пен қалыптасқан шекараның мызғымастығы, ішкі істерге араласпау, адам құқығы мен негізгі бостандықтарды сақтау, міндеттемелерді орындау, жанжалдарды бейбіт реттеу, экономикалық және басқа да қысым тәсілдері бар күш немесе қауіпті әрекеттер қолданбау қағидаларына негізделді.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.