Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің табыстары мен жетістіктері:  Қазақстан «Шанхай бестігінде»

Spread the love

1990-шы жылдардың екінші жартысындағы Қазақстанның сыртқы саясатында «Шанхай бестігі» елдері: Қытай, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстанмен қарым-қатынастың орны ерекше болды. КСРО мен ҚХР арасында екі елдің де Қарулы күштерін қысқартып,  кеңес-қытай шекарасындағы сенімді нығайту жөніндегі келіссөздер 1980- шы жылдардың басында-ақ басталған. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін,  Қытаймен келіссөздердің жаңа кезеңіне қатысу үшін, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның біріккен делегациясы жасақталды. Келіссөзге қатысушы жақтар түйінді мәселелерде бір шешімге келіп, 1996 жылдың 26 сәуірінде Шанхайда бес елдің басшылары әлемнің дипломатиялық  тәжірибесіндегі аса маңызды құжат – Ортақ шекара ауданындағы әскери сенімділік шаралары жөніндегі келісімге қол қойды.  Бұл келісімнің айрықша маңыздылығын осы кездесуден соң бірнеше күннен кейін ҚХА сессиясы делегаттарының алдында Елбасымыз Н.Назарбаев  сөз сөйлегенде түсіндірген еді. Тұңғыш президентіміз мұның Азия-Тынық мұхит аймағындағы үлкен саяси ауқымда жасалған бірінші қадам екенін, оның аймақтағы, сондай-ақ бүкіл ғаламшардағы бейбітшілік пен тұрақтылықты әрмен қарай да нығайта түсуге оң әсері айрықша екенін айтты.  Бір жылдан кейін, 1997 жылдың сәуірінде «бестік» елдерінің көшбасшылары Мәскеуде Шекара ауданында Қарулы күштерді қысқарту жөніндегі  келісімге қол қойды. Дүниежүзілік қоғамдастықты елең еткізген, аса маңызды бұл уағдаластықтың құндылығы ерекше еді, сонымен қатар осы маңызды келісімдер – жаңа, қуатты сыртқы саяси құрылымдардың іргетасын да  қалады. Бес мемлекет басшыларының 1998 жылғы 3 шілдедегі келесі кездесу орны ретінде Алматының таңдалуы да кездейсоқ емес. Онда мен «бестік» елдерінің өздері бірлесіп қол жеткізген, қымбат саяси капиталын ысырап етуге болмайтынын, керісінше, мұны сақтап, ынтымақтастық пен өзара  сенімге негізделген қарым-қатынасты нығайта беру керек екенін айттым.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *