Мыңжылдық қазақ мәдениеті жас елдің тәуелсіздігінің сенімді тірегіне айналды. Мемлекеттің мәдени саясаты қазақ халқының аса бай мұрасын іздеумен қоса, оның дәстүрлері мен ғұрыптарын жандандыруды да қамтыды – олар елдің күнделікті өмірін рухани тұрғыда байытып, біздің өткенімізді қазіргі кезеңмен және болашақпен жалғауға тиісті еді. 1988 жылы Наурыз мерекесі қайта аталып өтіле бастады. Елбасы Н.Назарабаевтың «Халықтық Наурыз мейрамы – көктем мерекесі туралы» Жарлығы шыққаннан кейін, 1991 жылдың 15 наурызында осы ежелгі мереке ресми мойындауға ие болды. Күн мен түн теңелетін 22 наурыз мереке күні болып белгіленді. Дәл сол кезде теңдессіз төл мұрамыз айтыс та руханиятымызға қайта оралды. 1992 жылдың қыркүйек, қазан айларында өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы Қазақстанның мәдени өміріндегі жарқын оқиға болды. Жер жүзінің әр түкпірінен атамекеніне танымал жазушылар, суретшілер, әртістер, бизнесмендер мен қоғам қайраткерлері келіп, мемлекеттік тәуелсіздік, ұлттық бірлік, ұлтаралық келісім, болашақ ұрпаққа саламатты тәрбие беру мәселелерін талқылады. Шетелдік қазақ диаспорасының өкілдері Алматыда, Шымкентте, Түркістанда және басқа да қалаларда болып, Қазақстанның өмірімен, тұрмысымен және мәдениетімен танысты. 1995 жылы еліміз Абай Құнанбайұлының туғанына 150 жыл толуын салтанатты жағдайда атап өтті. Қазақтың ұлы ақыны һәм данышпанының мерейтойы әлемдік маңызға ие мәдени оқиғаға айналды. ЮНЕСКО-ның шешімімен 1995 жыл Абай жылы болып жарияланды.  Иранда, Түркияда, Моңғолияда, Оңтүстік Корея мен Пәкістанда тәржімаланып, жарық көрген Абай туындылары қалың оқырманға қазақ анышпанының әлемін ашып берді және сол елдермен арадағы мәдени байланысты нығайтуға сеп болды.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.