“Ата-ананың қадірін білмеген, халық қадірін білмес”
деген ата-баба сөздері текке айтылмаған шығар. Қазақ қарияны көрсе, ет
жүрегі елжіреген халық емес пе?!
Уақыттың ұлы көшіне ілесіп, өркениетіміздің дамыған тұсында қоғамымыздың жалаңаш келбеті күн санап көбейіп келе жатқандығы кім — кімді болса да қынжылтады. Жетімдер үйі, тастанды балалар…
Ең сорақысы, қарттар үйіндегі абыз қарияларымыздың көз жасы. Үлкенін құрметтей алмаған елдің болашағынан не үміт күтуге болады? Әрбір адамға өз әке-шешесінен жақын адам жоқ. Өкінішке орай, өзін мына жарық дүниеге әкеліп, ақ сүтімен емізіп, төрт ұйқысын төрт бөліп, сәбиін тербетіп, таң атқызған анасын, мойнына мінгізіп еркелетіп, баласының бақыты, игілігі үшін бар күш-қуатын арнаған әкесін ұмытып, қартайған шағында өмір тәлкегіне лақтырып кеткен қатыгез балалар да арамызда жетерлік. Қазыналы қарттарымыздың көкірегінен итеріп, жарық дүние сыйлаған ата — анасының мейірімін, жылуын бір пәсте ұмытқан жүрегі жоқ пенделер мен санасыз ұрпақтың көбеюі бүгінгі күні заманымыздың қауіпті дерті болып тұр.
Қариялардың бағзы
заманнан қалыптасқан, ұрпақтан ұрпаққа ұштасқан өмірлік мақсаты ел бірлігіне,
жер тұтастығына бас-көздік, халықтың бірлігі мен ынтымақтастығын берік
дәнекерлеу, ұлттық бай рухани қазынаны шашау шығармай сақтау және молайта түсу
еді. Олар қай кезде де осы міндетті жүзеге асыруда көсемдік танытты, бекзаттық
пен мәрттіктің рухы бола білді. Өскелең ұрпаққа үлкенге құрмет көрсету,
патриоттық тәрбие беру маңызды.
Әр күндері мереке болып өтеді. Ал ол кісілердің тәрбиесін, үлгі-өнегесін алып өскен бала қандай тәрбиелі, дана болып өседі.
«Көп қарттың ортасында жүрген дана болар» дейді. Атасының қасында жүріп ескінің әңгімесін тыңдап, қамшы өрсе, бір бауын ұстап отырса, бойына қаншама рухани әрі дағдылық қасиеттерді сіңіреді. Сол сияқты әжесінің айтқан ертегі-әңгімелері арқылы жақсы мен жаманды, өтірік пен шындықты, ақ пен қараны ажыратуды үйренеді. Баламен отырып әңгілескеннің өзі тәрбиедегі ең маңызды құрал болып табылады: баланың айналасындағыларға деген сенімін оятады, тілін дамытады, тілі арқылы ой-өрісін, интеллектісін арттырады. Бастысы баланың қоршаған ортаға үйренісіп, жақсы қарым-қатынасқа түсу дағдысын қалыптастырады. Ата мен әженің «мектебінен» шыққан балалар өмірде рухани жағынан мықты болып келеді: жүрегі жұмсақ, қоршаған ортаға қамқор, мейірбан кісілер болып ержетеді.
Ежелден-ақ халқымызда қариялар зор құрметтелген. Өмірлік тәжірибесі мол, көпті көрген, дана, елге айтары бар кісілер ақсақал деп қадірленетін болған. Олар ел ішілік, туысаралық, отбасылық үлкен дауларды, мәселелерді шешкен, ортақ байлам айтқан. Хандардың қасында да кеңесші қызметінде жастар емес, осы қариялар отырған. Дала соты да – осы қариялар.
Қарттардың алдын аттамай, төрге шығарған. Аузын аңдып, айтқанын ұғып алғысы кеп тұратын. Балаларды кішкентайынан соған тәрбиелеген. «Үлкеннің жолын кеспе!», «Үлкенге құрмет көрсет!», «Үлкендердің сөзін бөлме!» және т.б. тыйымдар қазақта көп. Ақсақал келсе, қолына суын құйып, сүлгісін әперіп, жұмсағанына барып, әркім қолдарынан келгенше қызмет еткен. Ал қарттарымыз да елге ақылын айтып, батасын беріп отырған. Қай істі бастасақ та, қарттармен ақылдасып, олардың батасын алмай бастамаймыз. «Өркенің өссін!», «Өрісің кеңісін!», «Атадан озып туған ұл бол!», «Ниетіңе жет!», «Атаңның ұлы болма, адамның ұлы бол!». Осындай дұға-тілекті болғасын, оларды аузы дуалы кісілер деп ардақтаймыз.
Тоқта, ботам!
Атаң келеді артыңда!
Жүзе жүріп, жүз құбылған сағымда,
Жастық дейтін көктеменің шағында,
Өскен едік сенің анаң екеуміз
Осы қарттың мәпелеген бағында.
Қарттың бағын жайлайтынбыз иен тегін,
Тыңдайтынбыз алуан-алуан ертегін.
Жинап алып жүрер еді жарықтық
Күллі ауылдың елтеңі мен селтеңін.
М.Мақатаевтың осы өлеңінде «баласын» қарияның алдына түсіп кетпеуге шақыра отырып, ақылын алуды тапсырған. Сонымен қоса қарттың еңбегін, даналығын, балаларға деген мейірімділігін айтқан. Дәл осындай қарттар әрбір ауылда, әр жерде бар. Ал оларды бағалау – әрбіріміздің борышымыз.
Халқымызда әуелден-ақ даналықтың, сабырлылық пен дархандықтың белгісі осы қарттарымыз саналған. С.Жиенбаев «Дария кеуде, тау мүсін, Құрыштан құйған құдірет», -деп қарттардың жиынтык бейнесін жасайды. Шынында, қарттардың кеудесі тұнған дария-даналық, өздері таудай биік, құрыштай берік, сабырлы болып келеді.
Дегенмен қарттардың бәрі де бұл жиынтық бейнеге сай бола бермейді. Өмірдің заңдылығы да сол – барлық адам бірдей емес. Сондықтан да болар Б.Момышұлы қарт кісілерді төртке бөлген екен: шал, қария, ақсақал, абыз. Үй іші, ошақ қасынан шықпай, ел арасында өсек таситын қарт шал, өз отбасын дұрыс ұстай білген кісі қария, ауылындағы дау-дамайды шешіп, ауылдастарына өнеге көрсете білген қартты ақсақал, ал енді ел ішіне үлгі болып, ақылына тоқтата алар қартты абыз деп атаған екен. Қазақта «Өсер елдің қарты қазына болар, өспейтін елдің қарты қазымыр болар» деген сөз де бар. Қазыналы қарттарымыз көп болсын, аман болсын!
«Агеизмді жеңуде және қарт адамдардың қоғамдағы оң көзқарасын қалыптастырудағы БАҚ -тың рөлі» вебинарының қатысушысы Сағындық Жанысбаев журналист,Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықтар қоры (ЮНФПА) өткізетін журналистерге арналған байқауға қатысуға