Түркістан облысында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің «Тұран даласына күй шашу» атты гастрольдік концерттері жалғасып жатыр. Саялы Сайрам мен сырлы Созақтың көрермендерін серпілткен өнер ұжымы Түркістан қаласына атбасын бұрып, «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде концертін өткізді. Ұлы Жібек жолының күретамыры, Қазақ хандығының астанасы болған Түркістанға арнайы келген тарихи оркестр өнерсүйер қауымға қазақ халқының дәулескер күйшілерінің күйлері мен ұлы композиторларының әндерінен шашу шашты. Сонымен бірге әлем музыканттарының классикалық туындылары да тарту етілді. Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі – Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Жұбаныш Жексенұлы, Жеңіс Ысқақова, Мәдениет саласының үздігі – Айнұр Әбілдаева қатысып, жұртшылықтың ықыласына бөленді. Оркестрдің бас дирижері – «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты – Абылай Тілепберген мен дирижер, мәдениет қайраткері Жексен Айсын да оркестрді шабыттандырып, музыка әлеміне жетелей білді. Құрманғазы, Түркеш және өзге де ұлы күйшілердің күйлері орындалып, көрерменнің саналары серпіліп, рухы көтерілді. Түркістандықтар Құрманғазы оркестріне ризашылықтарын білдіріп, құрмет көрсетті. Айта кетейік, оркестрдің Түркістан облысындағы өнер сапары 22 сәуірде Ордабасы ауданында түйінделеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.